СҚО-да үш сібір елігін атқан браконьер ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары «Барконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында үш сібір елігін атқан Сергеевка қаласының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 6 қаңтардан бері «Браконьер» жедел-алдын алу іс шарасы өтіп жатыр. Шал ақын ауданында өткен рейдтердің бірінде полицейлер үш еліктің заңсыз атылғанын анықтаған. Аудан орталығы Сергеевка қаласындағы тұрғын үйлердің бірінен еттің бір бөлігі табылды. «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Заңсыз аң ауланған жерді анықтау үшін тәртіп сақшыларына біраз күш жұмсауға тура келген. Ауданның табиғатты қорғау полициясының инспекторы, Сергеевка орман шаруашылығының директоры және қорықшы көрші ауданнан қар кешкіш техникамен көмекке келген полицейлермен бірге аумақты шалды. Нәтижесінде бірнеше сағаттан кейін Көктерек ауылының маңында браконьердің аңдарды атқан жері табылды. Ал еліктердің терісін олар «Жезқазған-Петропавл» автожолының бойына тастап кетіпті.

«Заңсыз аң аулады» деген күдікпен Сергеевка қаласының 1988 жылғы тұрғыны ұсталып, соттың шешімімен қамауға алынды. Аудан орталығындағы бірнеше үйден еліктің еттері алынып, «Yamaha» қар кешкіші, «ВАЗ 21213» автокөлігі және бірнеше қару-жарақ тәркіленді.

«Заңсыз аң аулауға қатысты қылмыстық заңнамада жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл мөлшері 160-тан 3000 АЕК дейін ұлғайтылды. Енді 200 сағатқа емес, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Бұрын ең қатаң шара – 50 тәулікке дейін қамауға алынатын, ал шетел азаматы болса 5 жылға дейін елден шығарылатын. Қазір браконьер 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал заңсыз аң аулауға топ болып шығып, аса ірі көлемде шығын келтіргенде немесе соттың аң аулауға тыйымы болған жағдайда қылмыскерлерге 10 жылға дейін жаза кесіледі», - дейді СҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полиция тобы бастығының міндетін атқарушы Асқат Қожабаев.

«Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы басталғалы облыс полицейлері заңсыз аң аулаудың үш дерегін анықтады. Аңшы мылтығын рұқсатсыз сақтағаны және ағашты заңсыз кескені үшін 6 әкімшілік іс сотқа жолданды. Жеті куб метр ағаш, 6 сібір елігінің еті, қар кешкіш машина, 2 автокөлік, 4 мылтық және трактор тәркіленді. Барлығы 185 заң бұзушылық анықталса, оның 98-і аң аулау ережелерін бұзуға қатысты. Операция 5 ақпанға дейін жалғасады.




Соңғы жаңалықтар