СҚО-да үш күн ішінде отбасылық жанжалға қатысты 101 дерек тіркелді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 22-24 мамыр аралығында «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп, 101 құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, үш күн ішінде полицейлер тұрғылықты мекенжайы бойынша 3 мыңға жуық есепте тұрған адамды тексерді. Оның ішінде маскүнемдер, нашақорлар және тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдар бар.

«Полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына жан-жақты көмек көрсетуге дайын. Отбасындағы келіспей қалушылық қылмысқа ұласпауы керек. Үйде жәбір көретін әйелдер көп жағдайда өмірлеріне салғырттық танытып жатады. Мәселен жедел алдын алу шарасы кезінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында облыс бойынша 101 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде тек жетеуі ғана «102» арнасы және кезекші бөлімдер бойынша тіркелген. Қалған деректерді учаскелік полиция инспекторлары тексеру кезінде анықтаған», - деді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Көп жағдайда әйелдер күйеуінің көзінше олардың қол көтеретінін айтуға жасқанады. Петропавл қаласындағы ықшамаудандардың бірінде жасы 30 шамасындағы әйел полицейлерге соққы іздерін құлағаннан болды деп түсіндірген. Алайда, кейін учаскелік инспекторға хабарласып, күйеуінен жәбір көретінін айтқан. Жұбайы оның ізін аңдып, телефонын тексереді екен.

Тәртіп сақшылары бірден полициямен өзара іс-қимыл жасайтын және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерінде көмек көрсететін қоғамдық ұйымдарға хабарласты. Жәбірленушіге Әйелдерді қолдау орталығына орналасу, Жұмыспен қамту орталығы арқылы білімін жетілдіріп және жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылды. Енді ол өмірін өзгерту үшін полицияға өтініш жазуы керек. Полицейлер алгоритм бойынша көмек көрсетеді.

Жалпы «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полицияның профилактикалық және тізімдік есебіне 439 адам қойылды, оның ішіндегі 29-ы - тұрмысы қолайсыз отбасылардан, 92-сі - маскүнем, 26-сы - нашақор.

167 қорғау ұйғарымы шығарылып, сотпен 57 адамға жүріс-тұрысқа қатысты ерекше талаптар белгіленді. 743 әкімшілік құқық бұзу фактісі анықталды, оның басым көпшілігі қоғамдық орында спирттік ішімдік ішуге байланысты.

Соңғы жаңалықтар