СҚО-да ұрылар мола тонаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары молаларды тонауға қатысты екі қылмысты ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 маусым күні Аққайың ауданы Смирново елді мекенінің тұрғыны полицияға арызданып, әкесінің моласының қоршауынан 10 темір шынжыр қолды болғанын айтқан. Тәртіп сақшылары бірден түрлі-түсті металл қабылдайтын орындарды тексеруге кіріседі. Нәтижесінде осындай орындардың бірінен шынжырдың бір бөлігі табылды. Оны осы аудан орталығының 1987 жылы туған тұрғыны тапсырыпты. Ер адам бұрын сотталған. «Ұрлық» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Екінші жағдай учаскелік полиция инспекторы Айдар Қуандықовтың қырағылығының арқасында ашылды. Ол Петропавлдағы Жұмысшы кентінде сөмкесінде ауыр жүгі бар адамды байқайды. Тексере келе сөмкенің ішінен зират қоршауының темір элементтері шыққан. Жедел қызметкерлер қоршауы ұрланған моланы анықтады. Тоналған молада жерленген адамның туыстары 1962 жылы туған, бұрын сотталған Жұмысшы кентінің тұрғынына қатысты шара қолдану туралы арыз жазды. Бұл дерек те Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Біз халықпен, түрлі-түсті металл қабылдау пункттерінің иелерімен үнемі профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Алайда, мұндай фактілер жиі болып тұрады. Екі жағдайда да марқұмның туыстары материалдық шығыннан гөрі моральдық соққы алды. Мұндай деректердің алдын-алу мақсатында кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын өткіземіз», - деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.


Соңғы жаңалықтар