СҚО-да Ұлттық халық санағын жүргізуге 1 мың адам тартылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Ұлттық халық санағын жүргізуге қажет планшеттер, құрал-саймандар сатып алынып, қажетті ақпараттық жүйе құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің отырысында Ұлттық халық санағына әзірлік жайы пысықталды. Облытық статистика департаментінің жетекшісі Марал Нұржауыпованың айтуынша, қазіргі уақытта мекен жайлар мен көшелердің тәртібі ретке келтіріліп, картографиялық материал дайындалып жатыр. Сондай-ақ ауылдық округтерді мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасына қосу жұмыстары жүргізілуде.

«Халық санағы дұрыс өтуі үшін мекен жайларды тәртіпке келтіру қажет. Бұл мақсатқа Үкімет белгілеген мерзім аяқталғанымен, өңірде ол жұмыстар соңына жеткен жоқ. Бұған дейін атқарылған іс-шара барысында барлық елді мекендерде көшенің аты жазылған аншлагтардың және үй нөмірі көрсетілген тақтайшалардың тек бірен-саранында ғана барлығын анықтадық. Аудандар мен Петропавл қаласы әкімдігі аншлагтар мен тақтайшаларды жасауды жоспарға енгізген. Олар бұл жұмысты бір айдың ішінде бітірулері қажет. Тағы бір мәселе – тұрғындарың өздерінің заңды мекен жайын білмеуі», - дейді Марал Нұржауыпова.

СҚО-да Ұлттық санақты жүргізуге қосымша 1 мың жұмыс орны құрылмақ. Науқанның бірінші кезеңіне 193 адам тартылса, қалғаны негізгі кезеңде жұмыс істейді. Олардың орташа еңбекақысы 94 мың теңге болса, ең төменгісі – 75 мың теңге. Бірінші кезеңде бір интервьюерге жүктелетін жұмыс - 1200 нысанды аралап шығу. Екінші кезеңде 833 респонденттен мәлімет жинау қажет болады. Бұл жұмысқа 18 жастан асқан, білімі барлар қабылданбақ.

«Жалпы алғанда дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Халық санағын сапалы және мерзімінде аяқтау үшін барлық облыстық мемлекеттік органдардан қолдау күтеміз. Өйткені штаттан тыс жағдайлар болып қалуы мүмкін. Мәселен көлікке, персоналға және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қажеттілік тууы мүмкін», - дейді Марал Нұржауыпова.

Қазіргі таңда Ұлттық санақты жүргізуге қажет құрал-жабдықтар республикалық бюджет есебінен толық сатып алынды.


Соңғы жаңалықтар