СҚО-да «Ulpan» бизнес аймағы» диалог алаңы құрылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда өткен Ауыл әйелдері форумы аясында «ULPAN» бизнес аймағы» диалог алаңы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ulpan» бизнес аймағы» диалог алаңы кәсіпкер әйелдердің бастамасымен ашылып отыр. Бұл жерде ісін жаңа бастаған немесе осы салаға бет бұрған жастар ақыл-кеңес алады.

Жаңа орталық «Алтын Орда» мейманхана-мейрамхана кешенінде жұмыс істейді. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев және «Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту коалициясының» басқарма төрағасы Салтанат Рақымбекова қатысты.

«Байланыс орталығы бар диалог алаңы қажет. Бұл жерде жас кәсіпкерлер, кәсіпкер-әйелдер өздеріне қажетті ақпаратты алады, тәжірибе алмасады, салаға қатысты соңғы жаңалықтармен бөліседі. Өте қажет бастама. Орталықтың ашылуы Халықаралық ауыл әйелдері күніне тұспа-тұс келді», - дейді аймақтық Ауыл әйелдері форумына арнайы келген Салтанат Рақымбекова.

Орталықта қонақтар назарына облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің мүшелері өз өнімдерін ұсынды. Динара Өмірзақова гимнастарға арналған спорт киімдерін тігетін жалғыз кәсіпкер. Әлия Бәшееваның қолынан шыққан мектеп формалары өңірде ғана емес, астанада да сұранысқа ие. Гүлшат Шәкірова көрмеге шөп қосындыларынан жасаған сабынды және «Аналит» атты зарарсыздандыру құралын қойды.

Ал Ауыл әйелдерінің форумында жиналғандар күнделікті тұрмыста кездесетін мәселелерді талқыға салды.

«Қазақстанның экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі – ауылдарды дамыту. Ал елді мекендердегі негізгі мәселе – ауыл тұрғындары табысының төмендігі. Осындай бас қосуларда ауыл әкімдері, мектеп директорлары, шаруашылықтардың басшылары және кәсіпкер әйелдер жиналып, тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік алады. Ал жаңа ашылған диалогтік алаң тиімді жұмыс істеп, өңір экономикасына үлес қосатын ауыл әйелдерінің санын арттырады деп сенемін», - деді форумды ашқан Салтанат Рақымбекова.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, қазір елімізде ауылдарда 7,7 млн адам, яғни тұрғындардың 45,1% ауылда тұрады. Олардың басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. СҚО-да еңбекке жарамды 300 мың адам болса, әр оныншы солтүстікқазақстандық бизнеспен айналысады. 30 мың кәсіпкердің 44% - әйелдер болса, олардың 7 мыңы ауылда өз бизнестерін дөңгелетіп жатыр.

Ауыл әйелдерінің республикалық форумы былтыр астанада өтті. Биыл шілде айынан бастап мұндай жиындар барлық өңірлерде ұйымдастырылып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы форум өткен 12-ші өңір. Ал қараша айында белсенді қыз-келіншектер Нұр-Сұлтан қаласында, Екінші республикалық Ауыл әйелдерінің форумында кездеседі.

Соңғы жаңалықтар