СҚО-да төрт күнде 33 отбасы полиция есебіне алынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 33 отбасы тұрмысы нашар ретінде полицияның есебіне алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13-19 қыркүйек аралығында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Мақсат – жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтарды азайтып, оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу.

Ювеналдық полиция іс-шара аясында жұмысты күшейтіп, түнгі көшелер мен ойын-сауық орындарына рейдке шықты.

Кешкі сағат 23.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейін жасөспірімдер тұрғын жайдан тыс жерде заңды өкілдерімен ғана жүре алады.

Заң бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік бар.

16 қыркүйекте түн жарымында полицейлер екі бозбаланы тоқтатқан. Оның бірі 15 жаста болып шықты.

Былтыр ата-анасы баласының түнгі уақытта жүргені үшін әкімшілік жазаға тартылған болатын.

Ұлының түнде серуендегені үшін оларға ескерту берілді. Жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл салынады.

Операцияның төрт күнінде облыста түнгі серуенді ұнататын 136 жасөспірім анықталып, ата-анасы ескерту алды.

33 отбасы тұрмысы төмендер ретінде есепке қойылды.

Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және асырау бойынша міндеттерін орындамаған 43 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Бұзақылық жасаған 9 жасөспірім анықталды.

«Сабақ басталғаннан бері есепте тұрған тұрмысы төмен отбасылар, жасөспірімдер тұрғылықты жері бойынша тексеріліп жатыр. Ювеналдық полиция қызметкерлері балалардың мектепке барған-бармағанын, ата-аналардың оларды тәрбиелеу бойынша міндеттемелерін орындап жатқандығын тексереді. Білім беру мекемелерінде құқықтық сауаттылығын арттыру үшін оқушылармен әңгіме жүргізіледі. Кәмелетке толмағандарды қорғау бойынша жұмыс СҚО ПД басшылығының ұдайы бақылауында», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Соңғы жаңалықтар