СҚО-да терроризмге қарсы қорғанысы әлсіз 245 нысан тексерілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер террористік тұрғыдан осал 245 нысанды тексеріп, ондағы олқылықтарды жоюға 80 ұйғарым шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері террористік тұрғыдан осал 245 объектіні анықтаған. Оның 174-і адамдар көп жиналатын нысандар. Тексеріс нәтижесі бойынша анықталған олқылықтарды жою туралы 80 ұйғарым шығарылды. Терроризмге қарсы қорғанысты қамтамасыз етпеген және қауіпсіздіктің тиісті деңгейін сақтамаған 5 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.

«Терроризмге қарсы заңнамаға өзгерістер енгізілген. Енді белгіленген талаптарға сай келетін объектілер екі жылда бір рет тексеріледі. «Кезекті» және «жоспардан тыс» тексеріс ұғымдары енгізілді, аталған тексерістер террористік қауіп деңгейі жарияланған жағдайда, сондай-ақ бұрын анықталған олқылықтардың жойылуын қайта тексеру мақсатымен өткізіледі. Заң бойынша терроризмге қарсы қорғалу жүйесіндегі кемшіліктерді жоюға берілетін мерзім бір жылға ұзартылды», - дейді СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаев.

Басқарма бастығының айтуынша, нысандардың басшылары бұрынғыдай терроризмге қарсы қорғанысқа қаражат қарастыруға, өздерінің персоналымен оқу және алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруға, терроризм актілеріне ден қою мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен, жедел штабтармен өткізілетін іс-шараларға қатысуға міндетті.

СҚО аумағында террористік тұрғыдан осал 577 объекті тізімге енгізілген. Оның 437-сі халық көп жиналатын нысандар.


Соңғы жаңалықтар