СҚО-да табиғатты қорғаушы тексеріспен келген тұлғаға елік атуға рұқсат берген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің аудандық филиалдарының бірінің директорына және қорықшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, «Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ аудандық филиалының директоры филиалды тексеруге келген лауазымды тұлғаға беру үшін ұлттық парк аумағындағы елікті атуға қорықшыға заңсыз тапсырма берді деп күдікке ілінді.

Салдарынан қоршаған ортаға 694,5 мың теңге сомасына шығын келген.

Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісінен бөлек ерекше қорғалатын табиғи аумақта жабайы аңдарды қорғауға міндетті тұлғалардың қару қолданып, заңсыз аңшылық жасау дерегі бойынша филиал директоры мен қорықшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында осы филиал директорының ағаш дайындаушылардан жүйелі түрде пара алу фактілерін анықтады. Лауазымды тұлға ыңғайлы жерден жалпы көлемі 1260 текше метр ағаш кесуге рұқсат беруге және орманды жинау билетіне 78 мыңнан бастап 389 мың теңгеге дейінгі көлемде пара алып отырған», - делінген баспасөз хабарламасында.

Ағаш дайындаушыларға қатысты пара беру фактілері бойынша да сотқа дейінгі тергеу басталды.



Соңғы жаңалықтар