СҚО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 208 млрд теңгеден асатын инвестжобаларды қорғауға алған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнес пен инвестицияларды қорғау жобасы аясында жалпы сомасы 208 млрд теңгеден асатын 37 келісімге отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Жарқын Ғалымовтың айтуынша, елімізде үш жыл бұрын «Protecting business and investments» жобасы қолға алынды.

Жобаны жүзеге асыру барысында өңірде инвесторлармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы 37 келісім жасалды. Жалпы сомасы 208 млрд теңгеден асады. Жылдың басынан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жергілікті және шетелдік инвесторлармен 22,9 млрд теңгеге 10 келісімге отырған.

«Инвесторлардың мәселесін заңды түрде шешуге тырысамыз. Мәселен «Protecting business and investments» жобасына қатысушылардың бірі жобалау кеңсесіне келіп, Түркияға 111 мың инкубациялық жұмыртқаны қайтаруға жол бермеуге көмек көрсетуді сұрады. Мәселені егжей-тегжейлі зерделеу кезінде бұған кәсіпкердің техникалық қателік жібергені және уәкілетті органда өтінімді қарау мерзімінің ұзартылғаны себеп болғандығы анықталды. Мен бұл мәселені орталық мемлекеттік органда көтердім. Нәтижесінде жұмыртқа партиясын қайтармай, оны құс шаруашылығында пайдалануға шешім шығарылды», - дейді Жарқын Ғалымов.

Бизнес пен инвестицияларды қорғау жөніндегі жоба кәсіпкерлерді мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз араласудан қорғауға бағытталған, алдын алу шаралары нәтиже бермеген жағдайда қылмыстық қудалау шаралары қолданылады.

«Кәсіпкерден жолаушылар тасымалына рұқсат бергені үшін пара алған Көлік комитетінің бас сарапшысы 30 млн теңге көлемінде айыппұл төледі.

Мен және менің орынбасарларым күн сайын азаматтарды қабылдаймыз. Бизнеске қатысты мәселелер әрдайым бірінші орында, бұл - әкімшілік кедергілер, мемлекеттік қызметшілер тарапынан міндеттерді асыра пайдалану және тиісінше орындамау. Көбінесе мәселені егжей-тегжейлі қарау кезінде уәкілетті органның кәсіпкердің көңілінен шықпайтын дұрыс шешім қабылдағаны белгілі болады. Мұндайда түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Жарқын Ғалымов.


Соңғы жаңалықтар