СҚО-да су басу қаупі бар 41 елді мекен бақылауға алынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында өңірдің су тасқынына әзірлігі пысықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық мобильді дайындық және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Нұрлан Бүркіталин өңірдегі жағдай және атқарылған жұмыстар жайында есеп берді. Биыл облыста қардың ерте еруі, күндіз жылы, кешке жердің қатуы – көктемгі су тасқыны қаупін азайтты. Нәтижесінде су басу қаупі бар елді мекендер саны екі есе қысқарды. Бүгінде 41 елді мекен мамандардың назарында.

Биыл Ғ.Мүсірепов, Айыртау және Шал ақын аудандарында қар жамылғысы және қардағы су мөлшері әдеттегіден көп. Н.Бүркіталин «2017-2020 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және қаупін жою кешенді шаралары» жол картасы бойынша жоспарланған іс-шаралардың атқарылғанын жеткізді.

Биыл көктемгі су тасқынымен күреске жеке құрамнан 2 мың адам жұмылдырылуы қажет болса, 1,6 мыңнан астам инженерлік және өтімділігі жоғары техника, соның ішінде 368 су сорғыш және 176 жүзу құралы әзірленген.

«Аудандық әкімдіктер су басу қаупі бар елді мекендер мен учаскелерге заманауи инженерлік техниканы жеткізді. Оларды жалға алу келісім шарттары жасалды. Қажет болған жағдайда 291 техника, соның ішінде 45 экскаватор және 157 бульдозер қолданылады», - деді Н.Бүркіталин.

Әр ауданда тұрғындарды және олардың малын орналастыратын 263 орын әзірленді.

«Облыстық бюджетте 487,5 млн теңге қарастырылған. Оның 287,7 млн теңгесі кезек күттірмейтін шығындарға, қалғаны төтенше жағдайдың салдарын жоюға жұмсалмақ», - деді басқарма басшысы.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мамандарды ылғал қорының азаюына байланысты босаңсымай, жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.

«Әзірше жағдай қалыпты деп арқаны кеңге салуға ертерек. Техника да, инертті материалдар да дайын болуы керек. Ылғал қоры азайғанымен, өзендерден келетін қауіп жоғары. Облыстың оңтүстігіндегі төрт ауданда да ерімеген қар әлі жеткілікті. Инертті материалдар жеткілікті деңгейде әзірленбей жатыр. Биыл қолданылмаса келесі жылға қалады. Құмды құрылысқа да пайдалануға болады. Техниканы да апарып қойыңыздар. Өйткені өткен жылдардан түйгеніміз, оларды қажет кезде жеткізу біраз уақытты алады. Сол себепті осы бастан апара беріңіздер. Қажет болмаған жағдайда қайтарасыздар», - деді Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар