СҚО-да студенттер эвакуатормен вагон ұрлап кеткен

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда ұрылар тұрмыстық вагонды эвакуаторға салып әкетіп, бөлшектеп сатып жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 сәуір күні кешке Петропавл тұрғыны полицияға арызданып, тұрмыста пайдаланылатын доңғалақты вагонның ұрланғанын айтқан. Алайда жәбірленуші ұрлықтың нақты қашан болғанын айта алмай, мүлкі 5-17 сәуір аралығында жоғалуы мүмкін деген болжам жасаған. Шығын көлемі 100 мың теңгені құрады.

Полицейлер ұрлық бір апта бұрын жасалғанын жылдам анықтады. Дәл осы уақытта жергілікті тұрғындар көшеде кетіп бара жатқан эвакуаторды байқаған екен. Жедел уәкілдер металл қабылдау пунктерін тексере келе, ұрланған мүліктің бөліктерін тапты.

Көп ұзамай екі күдікті – 18 жастағы қала тұрғыны және Тимирязев ауданының 24 жастағы тұрғыны анықталды. Екеуі де ресейлік жоғары оқу орнының студенттері. Вагонға бұрыннан көздері түсіп, ыңғайлы сәтті күткен.

«Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Ұрлық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жұмысшы кентінің аумағында ұрланған металл көп жағдайда қабылдау пунктерінен табылып жатады. Бизнесмендермен уағдаластықтарға қол жеткізілді: металл ұрлануы мүмкін деген күдік туындаса, келісім жасаудан бас тартуға міндеттеледі», - дейді Петропавлдағы Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.


Соңғы жаңалықтар