СҚО-да соңғы үш жылда 1900 шақырым жол жөнделді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы үш жылда 1900 шақырым жол жөнделсе, соның 700-і биылға тиесілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кезекті отырысы өтіп, бұл жолы логистика, инфрақұрылым бойынша атқарылған жұмыс сараланды.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, үш жылда жолдарды қалыпқа келтіруге 76 млрд теңге жұмсалған. Оның жартысына жуығы биыл игерілді. Жұмыстардың бір бөлігі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Келесі жылы жол жөндеу жұмыстары жалғасады. Басты назар аудан орталықтарына ауысады.

«Бізге аудан орталықтарына дейін жақсы жолдың болғаны маңызды. Келесі жылы осы жұмысты бастаймыз. Чкалов, Рузаев, Возвышенка, Благовещенка сияқты бұрын аудан орталықтары болған елді мекендерді де ұмытпаймыз. Бұл бұрынғы аудан орталықтарына да қатысты. Кейбір ауылдарда да жол жөнделеді. Аудан әкімдері нақты жоспар көрсету керек, ақша бөлінеді», - деді Құмар Ақсақалов.

Айыртау ауданына қарасты Саумалкөлдегі 15 көшеге, Бескөлде 7 көшеге жаңа асфальт төселеді. Қаражаттың көп бөлігі негізгі көшелерге бөлінбек. Қала мәртебесінде қалған Булаев қаласы жолдарын облыс бюджеті есебінен жөндеу жоспарланған. Осылайша, облыс аумағындағы жолдың 65% қанағаттанарлық жағдайға жеткізілмек.

Сондай-ақ жол құрылысында тиісті қадағалау жоқ. Компаниялар жол жөндеуде кестеден қалып қойған.

«Мұндай олқылыққа жол берілмеуі керек. Атқарылатын жұмыс ауқымды, бірақ нәтижесі шамалы. Тапсырылуы тиіс кей нысандарда жұмыс әлі бітпеген. Істелген жұмысқа 1 жыл ғана кепіл береді. Бұл дұрыс емес. Мердігерлер тапсырған жұмыстарының сапасына ең кемі 5 жыл кепіл берулері керек. Сол кезде мүмкін жұмыстарын тиісінше атқаратын болады. Бұл аулаішілік аумақтарды жөндеуге де қатысты», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Соңғы жаңалықтар