СҚО-да соңғы екі аптада 100-ден астам бала коронавируспен ауырған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында пандемия басталғалы 709 бала коронавируспен ауырса, соның 107-сі соңғы екі аптада сырқаттанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір 13 шілдеден бастап «қызыл» аймақта. Ауырғандар саны өсіп келеді.

СҚО әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, соңғы екі аптада қауіпті инфекцияны жұқтыру жағдайы 3,5 есе артып, 882 адамға жетті.

«Вирусты жұқтыратындардың негізгі бөлігі - жастар. Десек те, КВИ-мен егде жастағылар да, орта буын, балалар да ауырады. Былтыр балаларда ауру белгілері болмады. Биыл олардың арасында сырқаттанғандар саны артып отыр. Пандемия басталғалы 709 бала ауырды, оның 107-сі өткен екі аптада тіркелді. Яғни 18 %-ға өскен. Бүгінде 22 бала ауруханада, 153 бала амбулаториялық жағдайда емделіп жатыр. Тағы 91 бала коронавирусты жұқтырғанымен ауру белгілері болмаған», - дейді Асқар Сақыпкереев.

Шілде айының басында СҚО-да КВИ-мен ауырғандарға арналған 630 инфекциялық орын болса, қазір оның саны 1200-ге жеткен.

«16 медициналық мекемеде орналасқан инфекциялық стационарлар 53 %-ға толған, онда қазір 635 сырқат емделіп жатыр. Ауырғандардың жартысына оттегі баллондары қажет. Қарқынды терапия палаталарында 39 адам жатыр. Жалпы мұндай палаталарда 95 орын бар. 11 адамның жағдайы аса ауыр. Жағдайдың нашарлауына қарамастан бізде басқа да сырқаттарды жоспарлы түрде қабылдап жатыр. Бұдан да күрделі жағдай туындаса қосымша 1290 орын дайындалады. Жұмысқа тартылатын медициналық мамандар тізімі жасалды», - дейді СҚО әкімінің орынбасары.

Петропавл қаласы мен аудандарда 56 мобильді бригада жұмыс істейді.

1036 сырқат амбулаториялық жағдайда ем алып жатыр. 1768 адам КВИ-ді жұқтырғандармен байланыста болғандар, олар үй карантинінде отыр.

Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, жағдай бақылауға алынған. Тұрақтандыру қорында 258 млн теңгенің 28 түрлі дәрі-дәрмегі бар.

Облыстың стационарлары да екі айға жететін медициналық препараттармен қамтылған. Қажетті қондырғылар жеткілікті.

Жалпы СҚО-да жыл басынан бері 4 мыңнан астам сырқат емделді. Осы мақсатқа 1,9 млрд теңге жұмсалған.


Соңғы жаңалықтар