СҚО-да Шоқыну мерекесінде суға түсуге 16 орын әзірленді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының су айдындарында Шоқыну мерекесінде суға шомылуға 16 орын әзірленді, оның екеуі - Петропавлда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда суға шомылуға арналған орын Есіл өзенінің қалалық жағажайы маңында және Өзен порты ауданында болады.

«Қайғылы оқиғаға жол бермеу үшін су айдындарының мұз қалыңдығы алдын ала өлшенді. Қалалық жағажай маңында Есіл өзенінің мұз қалыңдығы 18-30 см, Өзен портында 30-40 см, ал өңірдің көлдерінде 30-70 см шамасында.

Бүгін сағат 22.00-ден бастап шомылуға арналған орындарда құтқарушылар кезекшілікті бастайды. Бұдан басқа полицейлер, жедел жәрдем қызметкерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері және волонтерлер болады. Сондай-ақ жылыту орындары қарастырылған», - дейді СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Марат Қанғожинов.

Ал халық арнайы жарақтандырылмаған орындарда суға түспеуі үшін мониторингтік топтар жұмыс істемек. Жалпы облыс бойынша Шоқыну мерекесінде суға шомылуға 16 орын әзірленген.

«Айыртау ауданында 5 орын, Қызылжар ауданында – 4, Ғ.Мүсірепов ауданында – 1, Есіл, Шал ақын аудандарында екеуден. Барлық жергілікті әкімдіктерге қауіпсіздікті сақтауға байланысты ұсыныстар жіберілді. Сондай-ақ карантинге байланысты міндетті түрде әлеуметтік ара қашықтық сақталады. Кезекшілік барысында мұны бақылауға аламыз», - дейді Марат Қанғожинов.

Мамандардың айтуынша, биыл Шоқыну мерекесінде ауа райы суға шомылуға қолайлы, қатты аяз жоқ. 19 қаңтарда түнде минус 15-17 градус, кей жерлерде сынап бағанасы минус 25 градусқа дейін түспек. Күндіз 12-15 градус аяз болмақ.


Соңғы жаңалықтар