СҚО-да санитар дәрігерлер мониторинг барысында тұтынушыны алдау фактілерін анықтады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында санитар дәрігерлер жыл басынан бері 1,5 мыңға жуық өнім үлгісін сараптамадан өткізіп, оның 16,5 %-ының талапқа сай келмейтінін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, мамандар 106 сауда нысанынан 1496 өнім үлгісін зерттеген. Соның 247-сі, яғни 16,5 %-ы техникалық регламент және санитарлық ереже талаптарына сай келмеген.

«Алынған 1496 сынаманың 961-і азық-түлікке жатады. Соның ішінде 194-і отандық өндірушілердің өнімі. Зерттеу нәтижесі бойынша 247 сынаманың басым бөлігі, 54,2 %-ы – Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінде шығарылған. 37,6 %-ы – басқа шетелден әкелінсе, 8,9 %-ы – отандық өнім», - дейді санитар дәрігерлер.

Сынамаларды зерттеу кезінде тұтынушыларды алдау фактілері де анықталған. Яғни қаптамасында жазылған ақпарат пен өнім құрамы сәйкес келмеген. Бұл барлық анықталған жарамсыз өнімнің 5,07 %-ы. Сондай-ақ 7,03 %-ы микробиологиялық, санитарлық-химиялық және қауіпсіздік көрсеткіштеріне сай келмеген, 4,3 %-ының физика-химиялық көрсеткіштері дұрыс болмаса, сапаға сай емес өнімнің ең үлкен үлесі - 82,8 %-ы таңбалауға қатысты.

«Азық-түлікпен қатысы бар жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өнімнің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өндірістік бақылауды жүзеге асыруға міндетті. Кәсіпорындарда өндірістік бақылау бағдарламалары болуы тиіс, зертханалық зерттеулер аккредиттелген немесе аттестатталған зертханалармен шарт негізінде жүзеге асырылады», - дейді мамандар.

СҚО-да 247 азық-түлік өнеркәсібінің нысаны бар, оның 78-і тиісті келісім-шарт жасап жұмыс істеп жатыр. Санитар дәрігерлердің айтуынша, барлық жауапкершілік тек өндірушіге жүктеледі, егер тексеру кезінде өндірістік бақылау бағдарламасы болмаса, жаза, яғни айыппұл қарастырылған.

Бұған дейін СҚО-да сынамасы алынған балалар ойыншықтарының да 61 %-ы талапқа сай болмай шыққанын айтқан едік.

https://kaz.inform.kz/news/sko-da-sanitar-darigerler-teksergen-oyynshyktardyn-61-payyzy-talapka-say-bolmay-shykty_a3941768


Соңғы жаңалықтар