СҚО-да рульге мас отырған 27 жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл көлікті қайта мас күйде басқарғаны үшін 27 адамға қылмыстық іс қозғалды, 10-ы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жақында Петропавлдың 32 жастағы тұрғыны көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылып, 4,5 жылға қамауға алынды.

«2021 жылдың қыркүйегінде бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған ер адам мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасады. Оқиға таңғы сағат 4.00 шамасында Қазақстан Конституциясы мен Жамбыл көшелерінің қиылысында болған. Көліктің салонында үш жолаушы келе жатқан. Соққы салдарынан бір адам облыстық ауруханада қайтыс болды. Аталған факті бойынша полицейлер ҚР ҚК 346-бабы 5-бөлігі бойынша материал жинастырды. Қазіргі уақытта жүргізуші бас бостандығынан айырылды», - дейді СҚО ПД Анықтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жеңіс Темірбеков.

Жалпы биыл көлікті қайта мас күйде басқарған 27 жүргізушінің 19-ына қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды. 10-ына қатысты бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды, 9-ы қаралып жатыр, қалғандары өндірісте. ҚР Қылмыстық Кодексінің 346-бабы «Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберу» бойынша өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан және 7 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Жыл басынан СҚО жолдарында полицейлер 381 мас жүргізушіні ұстады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 25 мыңнан астам дерегі тіркелді. Биыл өңір жолдарында 64 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 14 адам қаза тапты, 92 адам жарақаттанды.


Соңғы жаңалықтар