СҚО-да репродуктивті жастағы әйелдердің 38 пайызы анемиямен ауырады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында санитар дәрігерлер темір тапшылығы анемиясы дертінің салдары мен оны болдырмаудың жолдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тамақта темір, мырыш, фолий қышқылы және В сияқты дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі әлемде үлкен мәселеге айналған. Оны «жасырын аштық» деп те атайды.

Темір тапшылығы анемиясы оның бір түрі ғана. Ол иммунитетті жояды, сырқаттанушылықты, ана мен бала өлімін арттырады.

«Темір тапшылығы анемиясының белгілері - жалпы әлсіздік, тіпті шамалы физикалық белсенділіктен тез шаршау, бас ауруы, терінің, еріннің, шырышты қабықтың бозаруы, тәбеттің жоғалуы, дәмнің бұзылуы», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Наталья Беляева.

СҚО-да репродуктивті жастағы әйелдердің 38 %-ы анемиямен ауырады.

Өңірдің Уәлиханов, Жамбыл, Аққайың аудандарында 14 жасқа дейінгі балалар арасында темір тапшылығы анемиясы облыстық деңгейден жоғары.

«Анемияның алдын алудың үш негізгі әдісі бар: фармакологиялық, рационалды тамақтану және негізгі тағамдарды темір, дәрумендермен байыту. Бүгінде азық-түліктің басым бөлігі технологиялық өңдеу нәтижесінде пайдалы қасиеттерін жоғалтады. Ағзада темір жетіспеушілігінің дамуына темір, басқа микроэлементтер мен дәрумендер аз, мәселен ақ нанды, жылтыратылған күрішті тұтыну ықпал етеді. Бірінші және жоғары сұрыпты ұнды алу кезінде бидай дәнінің құрамындағы микроэлементтер мен дәрумендердің орташа есеппен 70-90 %-ы жоғалады. Оларды қалпына келтірудің ең жақсы тәсілі – байыту», - дейді Наталья Беляева.

Ұнды құрамында темір бар премикспен байыту, яғни фортификациялау микроэлементтердің жетіспеушілігі проблемасын шешуге сеп. Маманның айтуынша, фортификациялау үшін бидай ұны кездейсоқ таңдалмаған. Ұн -дәрумендер мен темірдің қарапайым, арзан және қолжетімді түрі.

«Темір тапшылығы анемиясының алдын алу үшін өнімдерді таңдағанда темір, мырыш және фолий қышқылымен байытылған ұн мен нанға артықшылық беру керек. Байытудан ұнның дәмі, түсі, иісі өзгермейді.

Мұндай ұнды тұтынуға қарсы көрсетілімдер жоқ. Нәтижесінде анемияның таралуын 30 %-ға төмендетеді, өйткені фолий қышқылы мен темір жетіспеушілігінің орнын толтырады.

ҚР заңнамасында тамақ өнімдерін фортификациялау тәртібі регламенттелген.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің нормасымен ел аумағында сатылатын жоғары мен бірінші сортты бидай ұнын құрамында темірі бар дәрумендер, минералдармен міндетті түрде фортификациялануы тиіс», - дейді санитар дәрігер.

Ал ұнның фортификациялануын СҚО-ның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қадағалауға алған. Астық өңдеушілермен, кәсіпкерлік субъектілерімен «Құрамында темір бар дәрумендермен, минералдармен бидай ұнын байыту қажеттілігі» тақырыбында семинарлар, дәрістер, әңгімелесулер өткізеді, жадынамалар мен брошюралар таратады.


Соңғы жаңалықтар