СҚО-да пробациялық есепте тұрғандар өз кәсіптерін ашып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың 23-і былтыр «Бастау» бағдарламасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да бүгінде істі болған 1025 адам пробация қызметінің есебінде тұр. Олардың 23-і былтыр кәсіпкерлер палатасында «Бастау» бағдарламасы арқылы бір айлық курстан өтті. Алтауы бастаған істі соңына дейін жеткізіп, өз жобаларын қорғады, нәтижесінде қайтарымсыз грант алды.

Мағжан Жұмабаев атындағы ауданда жақында клинингтік қызмет ашылды. Аудан орталығы Булаевта бұрын мұндай қызмет болмағандықтан тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Кәсіпті Александр Слабоденюк ашып отыр. Ол осыдан екі жыл бұрын шалыс басып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Жұмыссыз жүрген Александрға пробация қызметінің мамандары «Бастау» бағдарламасына қатысуға ұсыныс тастайды. Бір айдың ішінде кәсіп ашудың негіздерін үйренген ол сертификат, кейін жобасын қорғап, грант алды.

«Кәсіп ашып, отбасымды асырап отырмын. Көлік салонын, жұмсақ жиһазды, матрастарды химиялық жолмен тазартамын. Мұндай қызмет түрі бұрын ауданда болмаған. Қазір ауылдардан, басқа аудандардан тапсырыстар түсіп жатыр», - дейді кәсіпкер.

СҚО Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мамандарының айтуынша, биыл да соттағандарға құқықтық көмек көрсету жұмыстары жалғасады. Ниет білдіргендер арнайы бағдарламалар бойынша тегін оқуға жіберілмек.

«Аумақтық пробация қызметі мамандары мен «Атамекен» ҰКП бұл жобаны екі жылдан артық жүзеге асырып келеді. Сотталған, есепте тұрған азаматтар «Бастау» бағдарламасы бойынша 1 ай тегін оқыту курстарынан өтеді. 2017– 2019 жылдар аралығында 30-дан астам адам кәсіп үйреніп, сертификат алды», - дейді СҚО ҚАЖД пробация қызметінің бас маманы Руслан Жүсіпов.

Мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіп ашқандар негізінен мал басын көбейтіп, құс шаруашылығын дамытып жатыр. Сондай-ақ қызмет көрсету, сауда-саттық салаларын да таңдайды екен.


Соңғы жаңалықтар