СҚО-да полицейлер қолдарына күрек алып, қар күреуге шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер қалың жауған қар және боранның салдарымен күресіп жатыр. Тәртіп сақшылары қолдарына күрек алып, жалғызбасты қарт адамдардың аулаларындағы қарды шығаруға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық полиция басқармасының тергеушілері мен анықтаушылары сенбі-жексенбі күні алдымен басқарма ғимаратының маңайын жөнге келтірді. Кейін тәртіп сақшылары өздеріне бекітілген майдангердің жесірі, 91 жастағы зейнеткер Анна Милютинаның үйіне барып, ауласынан тау боп үйілген қарды шығарып берді.

«Демалыс күнімізді қар күреуге арнап, игі іс атқардық. Оған еш өкінбейміз. Есік алдын, үй маңайын тәртіпте ұстау әр тұрғынның міндеті. Бізден үлгі алған жұрт та қолдарына күректерін алып, қар шығаруға шықты», - дейді тергеу бөлімі бастығының орынбасары Нұржан Омаров.

СҚО Полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағының мамандары да демалыс күндері қарап жатпады. Тәртіп сақшыларының оны алдымен «Айгөлек» балабақшасының маңын қардан аршуға көмектесіп, кейін Клара Цеткина көшесіне бет алды. Бұл ауданда ерлі зайыпты Әмреновтар отбасы тұрады. Полицейлер зейнеткерлерге былтыр да қар күреуге көмектескен. Олардың көмегі биыл да дер кезінде жетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы жалғызбасты адамдар туралы сұрап біліп, оларға да көмек қолын созды.

«Біз республикалық #BizBirgemiz челленджінің өтіп жатқанын білеміз. Бірақ бүгін күрек ұстап шыққанымызды осы акцияға қатысу деп түсінбеңіздер. Бізді, біріншіден ешкім челленджге қатысуға шақырған жоқ. Кезекшіліктен, жұмыстан бос уақытта біз жылда жалғызілікті және қарт адамдарға көмектесуге шығамыз. Биыл да дәстүр бойынша осы ісімізді жалғастырдық», - дейді бөлімше командирі Ерік Құлжанов.


Соңғы жаңалықтар