СҚО-да полицейлер қатты аязда жолда қалған екі отбасын құтқарды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер қатты аязда көлігі сынып жолда қалған екі отбасын – 3 ересек және 5 баланы құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа жылды ауылда қарсы алған екі отбасы жексенбінің кешінде Сергеевкадан Петропавлға көлікпен шыққан. Новоникольское елдімекенінің маңында «ВАЗ 2110» көлігі сынып қалған. Жолдың шетінде тұрған көлікке сол жерде кезекшілік атқарып жүрген полицейлер көмекке келді.

«Сол күні ауа температурасы -34 градус болғанымен, ызғары желдің күшімен бірге - 40-қа дейін жетті. Мұндай қатты аяздарда алыс жолға шықпауға кеңес береміз. Бірақ бұл ескертуді елемейтіндер де бар. Кезекшілік барысында жол шетінде тұрған көлікті көрдік. Машина сынып қалған екен. Салонда екі отбасы: жүргізуші, екі әйел және 5 бала бар, соның бірі емшектегі сәби. Жүргізушіге көрші ауылдан машинасын жөндеуге көмек шақырдық, ал әйелдерді балаларымен «Оңтүстік-Шеп» постына жеткіздік. Сол жерден оларды қалалық батальонның патрульді полицейлері үйлеріне апарып салды», - дейді патрульді полиция батальонының инспекторы Шалқар Қапезов.

Ал жергілікті шаруашылық жұмысшысы жүргізушіге көлігін жөндеуге көмектесіп, ол сапарын жалғастырды.

«Біз әрдайым көмекке келуге дайынбыз. Бірақ, осындай ауа райында аса қажеттілік болмаса жолға шықпауларыңызды сұраймыз. Қатты аяз кез келген жүргізушіні жолда қалдыруы мүмкін. Шаруа қожалықтарына, жолда қалғандардан көмегін аямайтындарға алғыс айтамыз», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының патрульді полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиев.

Қазір облыс жолдарында тәулік бойы 16 автопатруль кезекшілік етеді. Жыл басталғалы олар көлігі сынып жолда қалған оннан астам жүргізушіге көмек берді.


Соңғы жаңалықтар