СҚО-да полицейлер елікті мүшелеп жатқан браконьерді ұстады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан заңсыз аң аулауға қатысты 5 дерек тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 ақпан күні облыстық және аудандық табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкерлері мен «Соколов» аңшылық шаруашылығының аға қорықшысы бірге шаруашылық аумағына рейдке шықты. Олар Желяково елді мекені маңында қарда жүргіш техниканы тізгіндеген облыстың екі тұрғынын байқайды. Ізбен жүріп отырып, аң аулау жабдықтарын және екі сібір елігін анықтайды. Аңшылар бір елікті ағашқа асып, мүшелей бастаған екен.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Заңсыз аң аулау» 337-бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Оқиға орнынан екі еліктің еті, есепке қойылмаған «Yamaha» қарда жүретін көлігі тіркемесімен және тіркелмеген мылтық, аңшы пышағы, сондай-ақ оқ-дәрі алынды. Петропавл қаласының 35 жастағы тұрғыны ұсталып, Қызылжар аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, полицейлер күдіктінің жанында болған туысының қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтамақ.


«Бұл «Браконьер» жедел-профилактикалық шарасы кезінде анықталған 4-ші факті болып отыр. Еліктің буаз екендігін анықтау үшін ұша сараптамаға жіберілді, соған байланысты айыппұл көлемі анықталады. Сондай-ақ, 1 қаңтардан қос тұяқтыларды аулауға тыйым салынғанын естеріңізге саламыз», - деп хабарлайды Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаев.

6 қаңтарда басталған «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы 5 ақпанда аяқталды. Осы аралықта СҚО полицейлері 267 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаса, оның 156-сы аңшылыққа, 53-і балық аулауға қатысты.


Соңғы жаңалықтар