СҚО-да ойыннан от шығып, бір үйдің екі баласы мерт болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында бір үйдің 10 жастағы ұлы мен 8 жастағы қызы мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақжар ауданы Талшық ауылының Луговая көшесіндегі тұрғын үйдің шөп қорасында өрт шыққаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жеткен мамандар қора-қопсының шатыры және қысқа дайындалған шөптің жанып жатқанын көрген. Бірден іске кіріскен өрт сөндірушілер жалынды тек 1,5 сағаттан кейін ғана ауыздықтады.

Мамандар оқиға орнынан үй иесінің 10 жастағы ұлы мен 8 жастағы қызының денесін тапты.

Куәгерлердің айтуынша, олар өрт шықпас бұрын қораның төбесінде балалардың ойнап жүргенін көрген. Алайда әзірге шөп қорасының неден өртенгені анықталған жоқ.

Мамандар ересектерге балалармен сөйлесіп, өрт кезінде өзін қалай ұстауы керектігін түсіндіруге кеңес береді. Өйткені көп жағдайда балалар өртеніп жатқан баспанадан қашып шығудың орнына шкафтың ішіне, кереуеттің астына немесе басқа да жерге тығылуға тырысады екен.

«Өртті өздігінен сөндіруге болмайды, өмірді қатерге тігіп, дүние-мүлікті сақтап қалуға тырыспау қажет. Есік-терезені ашуға болмайды, сондай-ақ су тартатын құбырмен, жіппен төмен түсу қауіпті. Өрт шыққанда лифті қолдануға болмайды. Сондай-ақ әр ата-ана баласына арнайы қызметтердің нөмірін жаттатуға міндетті. Өрт шыққан кезде бірден мамандарға хабар берген жөн», - дейді департаменттің баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, көктемде осы Ақжар ауданында жер үй өртеніп, оқиға орнынан 4 адамның мүрдесі табылған еді.


Соңғы жаңалықтар