СҚО-да отбасында жапа шеккен 7 әйел қолдау орталығын паналады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 24 әйел отбасындағы жанжалдан жарақат алса, зорлық-зомбылық көрген 7 әйел балаларымен қолдау орталығынан пана тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда 15-18 маусым аралығында «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы өтіп жатыр. Іс-шара барысында отбасының шырқын алатындар тексеріліп, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен профилактикалық әңгіме жүргізіледі. Полицейлердің айтуынша, әйелдердің көпшілігі құқығын білмейді. Мысалы, биылдан бастап «үй тирандары» былапыт сөйлегені, қорлағаны үшін 5 тәулікке, ал қол көтергені үшін 15 тәулікке қамауға алынады.

Учаскелік инспекторлар зардап шеккен әйелдер наразылық білдірмесе де қорғау ұйғарымын шығара береді. Бұл құжат зардап шегушінің келісімінсіз кездесуге немесе алкоголь ішуге тыйым салады.

Петропавлдағы Жұмысшы кентінде тұратын 45 жастағы ер адамға қатысты бұрын қорғау ұйғарымы шығарылған. Ол ішімдіктің салдарынан отбасынан айырылған, қазір шешесімен тұрады, алайда оған да күн көрсетпейді. Тексеру барысында ер адамның мас екендігі анықталды. Енді қорғау ұйғарымын бұзған ол 5 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

«Жыл басынан облыста 1159 қорғау ұйғарымы шығарылса, оның 50-і бұзылған. 257 солтүстікқазақстандыққа қатысты сот құқық бұзушылардың мінез-құлқына ерекше талаптар қойды — бұл келесі ықпал ету шарасы. Полицияның жұмысы тұрмыстық жанжалдан болатын ауыр зардаптардың алдын алуға бағытталған. СҚО-да биыл 24 әйелге дене жарақаты келтірілді», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешудің басты жолы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда деп есептейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді «102» қызметіне, 8 7152 39-48-56 және 8 708 432 45 61 нөмірлеріне хабарласа алады. Оларға полиция қызметкерлері, әйелдерді қолдау орталығы және СҚО әйелдер күштерінің альянсы сияқты қоғамдық ұйымдардың өкілдері көмектесуге әрқашан дайын.

Барар жері жоқ әйелдер жарты жылға дейін әйелдерді қолдау орталығына орналаса алады, онда оларға заңдық көмек көрсетіледі және қаржылық тәуелсіздік алуға бағдар беріледі. Жыл басынан бері мұнда 7 әйел балаларымен, барлығы - 14 адам қабылданды.


Соңғы жаңалықтар