СҚО-да өндірістік жарақаттардың 68% жекеменшік компанияда болған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр кәсіпорындар мен ұйымдарда 38 адам жарақаттанса, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Статистика департаментінің мәліметінше, жұмыс орнында жарақат алған 38 адамның 7-еуі - әйел. Еңбек ету қабілетінен уақытша айырылғандардың басым бөлігі - 68,4% – жекеменшік кәсіпорындар мен ұйымдарда, 26,3% – мемлекеттік, 5,3% басқа мемлекеттердің меншігіндегі кәсіпорындарда еңбек еткен.

Өндірістік жарақаттан қаза тапқандардың саны 66,7% азайып, 1 адамды құрады. Мерт болған жұмысшы жекеменшік кәсіпорында еңбек еткен.

«Зардап шеккендердің көбі – 7 адам немесе жалпы санынан 18,4% ауыл, орман және балық шаруашылығында жұмыс істейтін қызметкерлер, 6 адам - 15,8% саудада, 5 адам - 13,2% өңдеу өнеркәсібінде, 4 адам - 10,5% денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Жазатайым оқиғаға басты себеп – жарақат алғандардың өрескел абайсыздығы. Салдарынан 17 адам еңбек ету қабілетінен уақытша айырылды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, көп жағдайда зардап шегуші құлап жарақат алады немесе оларға заттар, материалдар құлап түскен. Жер опырылып түскеннен жапа шеккендер бар. Осылайша 8 адам жарақат алған. Ал 7 адам қозғалатын, шашырайтын, айналатын заттар мен бөлшектердің әсерінен, тағы 3 адамнан мекеме көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасында және шектен тыс температураның әсерінен зардап шеккен.

Өндірісте болған жазатайым оқиға кезінде зардап шеккеннің әр үшіншісі – өнеркәсіпте, құрылыста және көлік саласында жұмыс істеген. Сондай-ақ, былтыр біліктілігі жоқ 9 жұмысшы және өндірістік қондырғының 8 операторы зардап шекті.

2019 жылы кәсіби ауруға тыныс алу органдарының туберкулезі болып себеп болған.

Жалпы, өндірістік жарақат алғандардың 36,8% - 30-45 жастағылар болып тіркелген.


Соңғы жаңалықтар