СҚО-да өкпені жасанды желдетуге арналған аппараттар жеткіліксіз

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов онлайн брифинг барысында коронавирус инфекциясы бойынша өңірдегі ахуалды баяндады. Сондай-ақ БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, СҚО-да эпидемиологиялық жағдай күрделі. Ауырғандар саны өткен тәулік ішінде 1,9 % артты. Инфекциялық стационарларда 136 адам емделіп жатыр. 545 адам тәуір болды.

«Қазіргі уақытта сұраныстың артуына байланысты 1-інші қалалық аурухана, Облыстық фтизиопульмонология орталығы және М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов аудандарында төсек-орын санын 65-тен 435-ке дейін көбейтік. Провизорлық стационарларда 100-ден 905-ке, соның ішінде облыстық ауруханада 200-ге, қалалық ауруханада 110-ға, Қызылжар аудандық ауруханасында 120-ға дейін артты», - деді ол.

Облыс әкімі атап өткендей, емдеу мекемелерінде жатын орын жеткілікті – 1 340 орын бар. Оның 435-і – инфекциялық, 905-і – провизорлық.

СҚО әкімі сондай-ақ соңғы 3-4 күнде әлеуметтік желідегі парақшаларына келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Тұрғындарды қызықтырған мәселенің бірі – облыстың қажетті медициналық қондырғылармен қамтылуы. СҚО-дағы жағдай басқа өңірлермен ұқсас, яғни өкпені жасанды желдету аппараттары жеткіліксіз.

«Індетке дейін облыста өкпені жасанды желдетудің 76 аппараты болды. Жергілікті бюджеттен 150 млн теңге бөліп, экспертті класқа жататын 5 аппарат алдық. Өткен аптада жергілікті бюджеттен тағы 400 млн теңге бөлдік. Ай соңына дейін өкпені жасанды желдетудің тағы 20 қондырғысы келуі керек», - деді өңір жетекшісі.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, қазір Денсаулық сақтау министрлігімен желтоқсан айында жеткізілуі тиіс өкпені жасанды желдетудің 38 аппаратын қыркүйекте алу бойынша мәселе қарастырылып жатыр.

«Осындай келісім арқасында өткен аптада жедел жәрдем көліктеріне арналған портативті 25 аппаратты алдық. Сондай-ақ биыл лизинг аясында реанимациялық қондырғылармен толық жарақтандырылған 18 жедел жәрдем көлігін алуымыз керек», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар