СҚО-да мемлекеттік бағдарлама аясында 12 спорт нысаны жөнделді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» бағдарламасы аясында 422 млн теңгеге 12 спорт нысаны жөнделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарттар айлығы аясында облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов спорт ардагерлерімен кездесу өткізіп, биыл жөнделген спорт нысандарын аралады. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары аясында жөндеу жұмыстарына 422 млн теңге жұмсалды, бұл өткен жылдан екі есе көп. Нәтижесінде 12 спорт нысаны жөнге келтірілді.

Борки кентіндегі шаңғы базасының аумағын абаттандыруға жалпы 88 млн теңге жұмсалды. Қазір бұл жерде шаңғышылар мен биатлоншылардан басқа спорттың басқа түрлері бойынша да командалар жаттығады. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар велосипедпен, роликпен сырғанауға және жай серуендеуге осында келетін болған.


«Қарасай» стадионында роликодром жөнделіп, қоршауы мен кіре берісі жаңаланды. Тартан жабыны ауыстырылды. Осы мақсатқа 100 млн астам теңге жұмсалды.

Жөндеу көрген ғимараттардың бірі - «Дельфин» олимпияда резервіндегі балалар мен жасөспірімдерге мамандандырылған спорт мектебі. Мұнда 13 млн теңгеге жөндеу жүргізіліп, балалардың спортпен айалысуына жағдай жақсарды.

«Спорт нысандарында жөндеу жүргізіліп жатқанда мен атқарылып жатқан жұмыстың сапасын көру үшін тексердім. Нәтижесі көңілден шығып отыр. Нысандардағы жөндеу жұмыстары сапалы, әрі белгіленген мерзімде аяқталды. Енді тек кәсіби спортшылар ғана емес, сонымен қатар қарапайым қала тұрғындары, балалар, жастар да спортпен тегін айналысуға мүмкіндік алды», - деді кездесуде Ғани Нығыметов.

СҚО-да биыл өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қолдауымен тек спорт саласы бойынша жөндеу және құрылыс жұмыстарына ғана жалпы сомасы 4,6 млрд теңге бөлінді. Қазір облыста алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Бұдан басқа аудан орталықтарында бес жабық хоккей кортының құырылысы жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар