СҚО-да мектеп оқушылары аэропоника әдісімен жидек өсіруді қолға алмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда мектеп оқушылары өсімдік шаруашылығындағы тың әдіс – аэропониканы қолданып, республикалық байқауда екінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

8-сынып оқушылары Артем Кузнецов пен Жанболат Атығаев Петропавл қаласындағы химия-биологиялық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқиды.

Жасөспірімдерді биология қатты қызықтырады. Жақында олар желекті аэропоникалық қондырғыда өсіріп көріп, жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Балалардың жобасы республикалық «Туған елге тағзым» байқауында екінші орынды иеленді.

«Байқауға біздің мектептер желісінен ғана 42 жұмыс ұсынылды. Соның ішінен екінші орын алып отырмыз, бұл біз үшін жақсы көрсеткіш. Артем екеуміз 2 ай бойы зерттеу жұмысын жүргізіп, ауа жағдайында микрожелек өсірдік. Тәжірибе сәтті өтіп, аэропоникалық әдістің дәстүрлі топырақта өсіру әдісіне қарағанда тиімді екенін анықтадық. Бұл тек бастамасы ғана, мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда осы бағыттағы зерттеулерді жалғастырамыз», - дейді Жанболат Атығаев.

Жасөспірімдердің айтуынша, бұл әдісте топырақ мүлдем қолданылмайды.

Өсімдіктердің тамыры барлық пайдалы және қоректік заттарды «тұман» түрінде шашылған қоректік заттары бар аэрозольден алады.

«Тәжірибенің соңында аэропондық әдіспен өсірілген бес түрлі өсімдік топырақта өскендеріне қарағанда 3,7 см-ге жоғары болды. Болашақта осы әдіспен өсірілген көкеністердің химиялық құрамын зерттейміз. Сондай-ақ көкөністің басқа түрлерін, құлпынай мен қарбыз өсіруді жоспарладық. Аэропондық әдістің тиімді тұстары көп, сондықтан бұл технологияны өнеркәсіптік мақсатта да қолдануға болады», - дейді жас ғалымдар.

Жазы қысқа, қысы ұзақ солтүстік өңірде инновациялық технология бақша дақылдарын жыл бойы арнайы үй-жайларда өсіруге мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар