СҚО-да мектеп бітіру кешін кафеде өткізуге, мұғалімдерге сыйлық беруге тыйым салынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы қоңырау мерекесі биыл дәстүрлі түрде өтеді. Ата-аналар мен түлектердің ысырапшылдыққа жол бермеуі үшін білім басқармасы бұл мейрамға қатысты бірқатар талапты бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков баспасөз мәслихатын өткізіп, оқу жылының аяқталуына байланысты көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

Соның бірі – соңғы қоңырау мерекесін тойлауға қатысты.

«Соңғы қоңырау мерекесі 25 мамырда дәстүрлі форматта өтеді. Аттестаттар 16-17 маусым күндері салтанатты түрде табысталады. Іс-шараға мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, түлектердің ата-анасы, педагогикалық еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, патронаттық ұйым өкілдері, жергілікті атқарушы органдар қатыса алады», - деді басқарма басшысы.

Оқу бітіру кеші міндетті түрде мектепте және білім беру ұйымының күшімен ұйымдастырылуы тиіс.

«Соңғы қоңырау, аттестат тапсыру шараларына аниматорларды шақыруға, мерекелік агенттіктердің, жеке студиялардың көмегімен ақы төлеу арқылы өткізуге тыйым салынады. Мерекелік дастархан жаюға рұқсат жоқ. Автокөліктерді жалға алып, қала-аудан бойынша экскурсия өткізуге, мектеп әкімшілігі мен педагогтарға сыйлыққа ақшалай қаражат жинауға, ойын-сауық мекемелерінде оқу бітіру кештерін ұйымдастыруға тыйым салынады», - деді Нәзір Жәшібеков.


Соңғы жаңалықтар