СҚО-да медициналық маскалар неліктен жетіспей жатқандығы түсіндірілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда медициналық маска қат тауарға айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл тұрғындары әлеуметтік желілерде медициналық маскалардың көптеген дәріханалардан жоғалғанын айтып, шағымдануда. Оны табу үшін бүгінде қаланы шарлау қажет. Алайда мұндай масканы танымал хабарландыру сайттарынан еш қиындықсыз табуға болады. Бағасы – 80-100 теңге шамасында.

«Денсаулық сақтау басқармасы бөлшек саудаға әсер ете алмайды. Олар жеке кәсіпкерлер. Зауыттармен немесе өнімді жеткізушілермен тікелей жұмыс істейді. Қазіргі уақытта маска тапшы екені рас. Күнделікті әкелінгенімен оны бірден талап алады. Делдалдар кері әсерін тигізіп жатыр. Қолдан келгенше әрекет етіп жатырмыз. Маска жасайтын зауыттарға тапсырыс бердік. Өңірге қажетінше жеткізіледі», - деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тимур Сұлтанғазиев.

Тимур Сұлтанғазиевтің пікірінше, халықтың көпшілігі бұл маскаларды не үшін және қай уақытта кию қажеттігін білмейді.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық масканы пайдалану бойынша ұсынысы бар. Біріншіден, масканы кию арқылы тұмаудың алдын алуға және коронавируспен күресуге болатындығы дәлелденбеген. Екіншіден, ауырмасаңыз маска кию міндетті емес. Алайда сізде жұқпалы респираторлық аурулардың белгілері болса, түшкірсеңіз, жөтелсеңіз, айналадағыларды ауыртпау үшін маска кигеніңіз дұрыс. Басқа жағдайда маска киюге кеңес бермеймін. Аурудан сақтанғыңыз келсе терезені жиі ашып, желдетіп отырыңыз, ылғалды тазалықты жиі жүргізіңіз. Қолды сабынмен жуып, құрамында спирті бар сұйықтықтармен сүртіңіз. Ал аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда бірден жедел жәрдем қызметін шақырыңыз», - дейді Тимур Сұлтанғазиев.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдегі емдеу мекемелерінде дәрі-дәрмек жеткілікті. Препараттарды алуға облысқа қосымша 7,5 млн теңге бөлінсе, емдеуге қажетті керек-жарақ, соның ішінде медициналық маскалар да толығымен алынды.


Соңғы жаңалықтар