СҚО-да қуыршақ театрының қойылымдары теледидардан көрсетілмек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қуыршақ театры карантин уақытында да өз көрермендерімен қоштаспай, қойылымдарының теленұсқасын жергілікті телеарна арқылы көрсетпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО қуыршақ театры еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қашықтан еңбек етіп жатыр. Бүгінде ұжымның 70% астамы үйде отырып еңбек етсе, театрда әкімшілік пен күзет мамандары және нысанға дезинфекция жасап отыру үшін техникалық қызмет жұмыс істеп жатыр.

Қуыршақ театрының репертуарында бүгінде 50-ден астам спектакль бар. Жыл сайын өнер ұжымы көрермен назарына ең кемінде төрт жаңа спектакль ұсынады. Бірер ай бұрын ресейлік танымал режиссер Борис Ходыревтің жетекшілігімен «Көңілді адамдар» спектаклі балалардың назарына ұсынылған еді. Енді осы және репертуардағы басқа да қойылымдар «Қызылжар» телеарнасы арқылы кішкентай көрермен назарына ұсынылмақ.

«Біз әр қойылымның теленұсқасын жасағанбыз. Бұл бізге жұмыс барысында да қажет. Көптен бері сахналанбаған спектакльді осы теленұсқаны қарап отырып еске түсіреміз, жіберілген қателіктер болса соны түзетуге де жақсы. Спектакльдеріміздің 80 % екі тілде сахналанған. Қойылымдардың уақыты 35 минуттан 50 минутқа дейін», - дейді облыстық қуыршақ театры директорының орынбасары Валентина Мостипан.

Валентина Мостипанның айтуынша, қуыршақ театрының тігін цехы маска тігуді қолға алды. Тігіншілер көп реттік маскаларды ұжым және өз зейнеткерлеріне ғана үлестіріп қоймай, тұрмысы төмен отбасы мүшелеріне де тегін таратып жатыр.


Соңғы жаңалықтар