СҚО-да құс тұмауына байланысты 2 мыңнан астам үй құсы алынып, жойылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Лебяжье елді мекенінде құс тұмауының анықталуына байланысты 2 мыңнан астам құс тұрғындардан алынып, жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжановтың айтуынша, құс тұмауы анықталған М.Жұмабаев ауданы Лебяжье елді мекенінде карантинге байланысты кешенді іс-шаралар өткізілді. 71 үйдің қора-қопсысы залалсыздандырылды. Тұрғындардан 2 128 үй құсы алынып, жойылды.

«Өлген, алынып, жойылған үй құсы үшін нарықтағы құнына және түріне қарай өтемақы төленеді. Құс тұмауының алдын алу үшін 1 242,2 мың доза вакцина бөлініп, қосымша тағы 112,2 мың дозаға тапсырыс берілді. Осы уақытқа дейін 977,1 мың құс вакцинацияланды. Құс фабрикаларындағы барлық құс екпе алды», - дейді Берік Әлжанов.

СҚО әкімінің бірінші орынбасарының тапсырмасымен құс тұмауының пайда болу себебін анықтау үшін қызметтік тергеу жүргізілді. Аурудың тарауына жол бергендер жауапқа тартылды.

Естеріңізге салайық, құс тұмауының анықталуына байланысты 27 қыркүйек күні Лебяжье елді мекені карантинге жабылған еді. Мұнда жеті үйдің 1003 құсы бір аптаның ішінде қырылып қалған.


Соңғы жаңалықтар