СҚО-да қосымша 1,6 мың адам мүгедектерді баққаны үшін жәрдемақы алады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мамандар әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер жайында айтты. Биыл қосымша 1,6 мың адам жәрдемақы алмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департамент басшысының орынбасары Гүлбақыт Манабаеваның айтуынша, енді 1 топтағы мүгедек адамдарға күтім жасайтын барлық азаматтарға жәрдемақы төленбек. Бұрын тек бала кезінен 1 топтағы мүгедек адамдарға күтім жасайтын азаматтарға ғана жәрдемақы төленетін. Жәрдемақы мөлшері – 48 мың теңге. Ал отбасында екі және одан да көп бірінші топтағы мүгедек тұратын жағдайда, күтімді жасайтын адамға жәрдемақы олардың әрқайсысына тағайындалып, төленбек. Тек мүгедек те, оған күтім жасайтын адам да бір елді мекенде тұруға тиіс.

«Жәрдемақы өтініш берген күннен бастап бірінші топтағы мүгедектік белгіленген бүкіл кезеңге тағайындалады және төленеді. Нәтижесінде облыс бойынша 1,6 мыңнан астам адам қосымша жәрдемақымен қамтылады. Ол үшін жәрдемақы тағайындау туралы өтініш пен қажетті құжаттарды тиісті мекемеге тапсыру қажет», - дейді Гүлбақыт Манабаева.

Сондай-ақ, баланың денсаулығының бұзылу және тіршілігінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделген. Бұл көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшерін саралауға мүмкіндік бермек.

Бүгінде 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін жәрдемақының мөлшері бірдей, ол – 48 мың теңгені құрайды. Енді 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7 %-дан 37 %-ға дейін ұлғайтылмақшы.

«1 топтағы мүгедек бала 65 860 теңге алатын болады (+17837 тг), 2 топтағы мүгедек бала 54541 теңге (+6518 тг), 3 топтағы мүгедек бала өзгеріссіз, яғни 48023 теңге жәрдемақы алатын болады. Қазір облыста 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 1368», - дейді департамент басшысының орынбасары.

Қазір департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедектік санатын медициналық жеке ісіндегі мәліметтер негізінде қайта қарастырып жатыр.


Соңғы жаңалықтар