СҚО-да коронавирустың алдын алу мақсатында арнайы жоспар әзірленді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде болған отырыста коронавирустың таралуының алдын алу шаралары қарастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аймақта коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында жоспар әзірленгенін атап өтті. Шекарадан өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілген, облысқа басқа мемлекеттерден келген барлық адамға мониторинг жасалуда. Дәрілермен қамтамасыз ету үшін қосымша қаржы бөлінген.

«Біз техникалық жағынан дайынбыз. Ресурстар бар. Ауданымызда қауіп-қатер анықталған жағдайда әрекеттер алгоритмі жасақталды. Енді барлық мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік субъектілерінің басшылары қарапайым ережелерді сақтауы керек. Ең алдымен, гигиена, үй-жайларды желдету қажет. Басшылар қоластындағыларының бірі ауруға шалдыққан жағдайда олардың медициналық мекемелерде тексрілген-тексерілмегенін бақылап, денсаулығын қадағалап отыруы керек», - деді Қ.Ақсақалов.

Аймақ басшысы вирустың жаңа түрі өршіп тұрған, қауіптілігі жоғары елдерге баруды жоспарлап отырған тұрғындарға абай болуды ескертті.

«Алда демалыс, мерекелер келе жатыр. Кейбір турфирмалар вирус жұқтыру қаупі жоғары елдерге баруға жарнама жасауда, бұл – олардың құқығы. Алайда балалармен, отбасымен бірге шығып, қауіп төніп тұрғанын тағы да ойлану керек. Туристік жолдамалардың бағасы төмендеп кеткенін білеміз. Бірақ қауіптілікті ескеру қажет. Барлық мәселеге түсіністікпен қарауларыңзды сұраймын», - деп атап өтті Қ.Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар