СҚО-да коронавирусқа қарсы шаралардың кешенді жоспары әзірленді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустың өңірде таралуына жол бермеу мақсатында эпидемияға қарсы алдын алу іс-шараларының кешенді жоспары әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде коронавирусты жұқтырғандар тіркелмеген. Инфекцияның өңірде таралмауы үшін кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Арнайы штаб құрылып, облыс әкімі Құмар Ақсақалов оның мүшелерін бекітті. Медициналық қызметкерлер үшін оқыту семинары өтті.

Өңірдегі емдеу мекемелері қауіпті дертті жұқтырғандарды немесе олармен байланыста болғандарды қабылдауға әзір. Барлығы 293 жатын орын әзірленсе, соның 115-і облыстық балалар ауруханасында, 65-і бірінші қалалық ауруханада. Қалған 115 орын аудандық жұқпалы аурулар бөлімшелерінде дайындалды.

Мамандардың айтуынша, қазір өңірдегі барлық емдеу мекемелерінде вирусқа қарсы, қызуды түсіретін, уытсыздандырғаш ерітінділер мен препараттардың жеткілікті қоры бар

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өңір тұрғындарын Қытай Халық Республикасы мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне әзірше сапарға шықпауды сұрайды. Сондай-ақ түрлі жұқпалы вируспен күресу үшін қолды сабынмен жиі жууға, түшкірген жағдайда ауыз бен мұрынды бір реттік сулықпен жауып, оны қоқыс контейнеріне тастауға, халық көп шоғырланған жерлерге бармауға, дене қызуы көтеріліп, жөтел қысқан жағдайда бірден дәрігерді шақыруға кеңес береді.

Бұл күндері түрлі зообақтарға баруды шектеп, жануарлар және балық өнімдерін шикілей қолданбауды ескертеді.


Соңғы жаңалықтар