СҚО-да қолөнершілер қауымдастығы құрылмақ

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының қолөнершілері кей мәселелерді шешуде ауызбірлік таныту үшін қауымдастық құрмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті қолөнершілер Елена Андреева мен Нанар Джанунцтың айтуынша, СҚО-да қолөнершілік дамып келеді. Тігіншілер де, ағаш шеберлер де, темір ұсталары да бар. Алайда өз өнімдерін сататын арнайы орын жоқ. Осы мәселемен олар кәсіпкерлер палатасына келді.

«2021 жылы біз Петропавлдағы жүргіншілер ғана жүретін Конституция көшесінде, арбатта қолдан жасаған бұйымдарымызды сатуға, жергілікті өнерпаздардың басын қосуға рұқсат сұрадық. Сол жолы бізге рұқсат беріп, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың және өлкетану музейінің алдын бөлді. Тек жаймаларымыз қала сәнін бұзбайтындай біркелкі болсын деді. Біз талапты орындап, 2017 жылға дейін шығып жүрдік. Содан кейін рұқсат жоқ деп айыппұл салатын болды», - дейді Елена Андреева.

Кейін екі жылға созылған пандемия да кедергі келтірген. Бүгінде қолөнершілер жүргіншілер көшесінде қолдан жасаған бұйымдарын жасауға рұқсат алды. Алайда, мәселені шешу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыруға тура келген. Жергілікті әкімдік шеберлерге былтыр ашылған QҮZҮLJAR art center орталығында сауда жасауды ұсынған.

«Орталықта бұйымдарды сатуға жағдай жасалған, бірақ орындарды жалға алу керек. Әрі ол жер тасада, халық көп жүрмейді. Сондықтан біз бұл мәселе жылда қайталанбай біржола шешілгенін қалаймыз», - дейді Елена Андреева.

СҚО кәсіпкерлер палатасының мамандары алматылықтардың тәжірибесімен таныспақ.

«Онда стационарлық емес сауда нысандары жауапты мемлекеттік органның арнайы қаулысымен тіркелген. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жер учаскелерін белгілі бір мерзімге жалға ала отырып, осы объектілерді пайдалануға арналған тендер ойнатылады. Алматыда үлкен арбат бар, оған жергілікті қолөнершілер, музыканттар, суретшілер және басқалар заңды негізде шыға алады. Кәсіпкерлер палатасы ретінде біз олардың тәжірибесін зерделеп, өнімдеріңізді арбатта сатуға рұқсат берудің құқықтық негізін әзірлейік, оны біздің билікке ұсынамыз», - деді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов.

Сондай-ақ, қолөнершілер болашақта кей мәселелерді шешуде ауызбірлік таныту үшін қауымдастыққа бірікпекші.


Соңғы жаңалықтар