СҚО-да көлік жүргізушісі жолда отар қойды соғып, 14 мал өлді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жүргізуші жолдан өтіп бара жатқан қойларды кеш байқап, көлігімен соғып өтті, салдарынан 14 бас мал өлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 24 қыркүйек сағат 12.50-де Есіл ауданы Явленка елді мекенінің маңында болған. «Петропавл-Жезқазған» автожолында Daewoo Nexia автокөлігінің жүргізушісі бір отар қойды соққан. Салдарынан 14 бас мал өлді.

Daewoo Nexia-ның 51 жастағы жүргізушісі 41 жастағы жолаушысымен Петропавлдан Шал ақын ауданына бет алған екен. Жол-көлік оқиғасы «Мал айдау» жол белгісінің аумағында болған. Жүргізуші мен жолаушы аман.

Есіл ауданы полиция бөлімі бастығы Ерлік Есләмбековтың айтуынша, автокөлік жүргізушісі мас болмаған. Осы фактісі бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 610-бабының 1-бөлігі «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы» бойынша материал жиналды және шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

Бұл – жыл басынан облыс жолдарында малдың қатысуымен тіркелген екінші жол-көлік оқиғасы. Жалпы, СҚО-да 8 айда 100-ден астам жол апаты тіркелді, салдарынан 20 адам көз жұмып, 149 адам жарақаттар алды.


Соңғы жаңалықтар