СҚО-да көлік жүргізушісі оқушыны қағып, оқиға орнынан қашып кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жолдан өтіп бара жатқан 10 жасар баланы көлігімен қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 7 сәуірде сағат 14.00 шамасында Қызылжар ауданы Бескөл ауылының маңында болған. «Жезқазған-Петропавл» автожолы бойындағы жаяу жүргіншілер өткелінде қызыл түсті «Mercedes-Benz» автокөлігінің жүргізушісі 10 жасар мектеп оқушысын соғып кетіп, оқиға орнынан жасырынған.

Ер балаға аудандық орталық ауруханада көмек көрсетілді. Медицина қызметкерлері оқиға жайлы бірден полицейлерге хабарлады. Апатқа кінәліні анықтау бойынша шаралар қабылданып, ол бейнебақылау камераларының көмегімен анықталды.

Келесі күні тәртіп сақшылары құқық бұзушыны ұстады. Ол 34 жастағы Аққайың ауданының тұрғыны болып шықты. Ер адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамау» бабы бойынша хаттама толтырылды.

Жүргізушінің айтуынша, ол болған жағдайдан қорқып, не істерін білмеген. Ер адамның жүргізуші куәлігі алынды, көлік арнайы тұраққа қойылды. Сонымен қатар, баланың алған жарақаттарының ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

«Естеріңізге сала кетейік: апат болған жағдайда жүргізуші ішкі істер органдарына хабарлауға міндетті. Ол зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық шараларды қабылдап, жедел жәрдем шақыруы тиіс. Төтенше жағдайда жарақат алғандарды жолшыбай кетіп бара жатқан көлікпен жіберу керек, ал егер бұл мүмкін болмаса – өзінің көлігімен жақын жердегі медициналық мекемеге жеткізіп, содан соң оқиға орнына оралуы тиіс», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының іздеу тобының аға инспекторы Алексей Морев.


Соңғы жаңалықтар