СҚО-да көлік ұрлығы тыйылмай тұр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 49 көлік ұрлығы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 қыркүйекте Петропавл тұрғыны өзінің «Audi 100» көлігінің ұрланғаны туралы арызбен полицияға жүгінген. Патрульдер мен бейнебақылау операторлары бірден көлікті іздеуге бағытталды. Жедел қызметкерлер бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Ер адам күндіз өзі жұмыс істейтін ұйымның автотұрағынан шығып, үйіне жаяу қайтқан. Автокөлік иесі мұны бастапқыда жоққа шығарды. Тек, жедел қызметкерлер оған бейнежазбаны көрсеткенде ғана қайтып келе жатып дәмханаға тоқтағаны есіне түсті. Дәмхана жұмыс орнына жақын болғандықтан, ер адам көлікті ұмытып, әдеттегі жолмен жұмысына жаяу кетіп қалған. Тәртіп сақшылары көшелерден «Audi» іздеп, қаладан шығатын жолдарды тексеріп жүргенде, көлік қалған жерінде иесін күтіп тұрған.

Осыған ұқсас жағдай биыл Петропавлдағы сауда орталықтарының бірінің жанында болды. Дүкеннен шыққан кейін ер адам көлігін қойған жерін ұмытып, көлігім ұрланды деп арыз жазған. Тағы бірде әйел полицияға хабарласып, көлігінің ұрланғанын хабарлаған. Машинаны туысы басқа жерге қойып, оны хабарлауды ұмытып кетіпті.

«Жалпы, СҚО-да автокөліктерді заңсыз иемдену жағдайларының көпшілігі алкогольдік ішімдік ішу салдарынан болады. Жәбірленушілер көбінесе күдіктілердің таныстары болып шығады. Біз автокөлік иелеріне ұқыпты болуды, өздерінің мүлкін тиянақты сақтауды, көліктің кілтіне ие болуды сұраймыз», - дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Жыл басынан бері СҚО-да автокөлікті заңсыз иемдену фактілері бойынша 49 шағым тіркелді. Оның ішінде 2-і қазіргі уақытта ашылған жоқ, 33-і өндіріспен аяқталды, қалғандары бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар