СҚО-да келер жылы жоғары оқу орындарына жаңа корпустар салынады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жаңадан оқу корпустары салынбақ. Бұл жобалар өңірді дамыту бағдарламасына енген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің заманауи оқу-зертханалық корпусының құрылысы келер жылы басталады. 12 қабатты ғимарат орналасатын жер дайын тұр, қажетті қаражат бөлінген. Ол жерде осы заманға сай жарақтандырылған 73 зертхана жұмыс істейтін болады. Жалпы университетке соңғы 5 жыл бойы мүлде кешенді түрде қондырғы алынбаған.

«Облысқа келген мемлекет басшыларын жоғары оқу орнына арнайы апарып көрсеттім. Жағдаймен таныстырдым. Машина жасау факультетінде ЗИЛ-130 көлігінің макеті тұр. Ондай көліктер тоқсаныншы жылдардан бастап шығарылмайды. Жигули автокөлігінің 6 моделі тұр. Біздің мақсатымыз университетті бәсекеге қабілетті ету. Еңбек нарығында өз орнын табатын білікті мамандарды әзірлеп шығару», - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Жоғары оқу орны Үнді елінен, Ресей, Қытай, Грузия мен Түрікменстаннан келетін студенттердің санын 200-ден асырмақшы. Жалпы, алдағы бірер жылда мұнда білім алатын жастардың санын 1,5 есе арттырап, 10 мыңға жеткізу міндеті тұр.

«Келер жылы ҚР Ұлттық Ұлан әскери институты үшін де заманауи үлгідегі оқу корпустарын салмақ ниеттеміз. Қазіргі жағдайы талапқа сай емес. Қаражат бар, жер бөлінді. Нәтижесінде үш үлкен оқу корпусы пайдалануға беріледі», - дейді Құмар Ақсақалов.

Жалпы алдағы жылы білім беру саласына бөлінетін қаражат 46% артпақ. Өңірде үш ауысымда оқу мәселесі толық шешілді. «Береке» ықшам ауданында 600 орындық мектеп ашылса, «Жас өркен» ықшам ауданында 900 орынға шақталған оқу ордасының құрылысы аяқталуға жақын. Тағы сондай мектеп Петропавлдағы Уәлиханов көшесінің бойында салынып жатыр. Биыл 142 білім беру нысаны күрделі жөнделсе, келер жылы бұл жұмыстар жалғасын таппақ.


Соңғы жаңалықтар