СҚО-да кәсіби білім беріп, қайта даярлайтын 33 оқу орталығы бар

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер палатасының ұйытқысымен кәсіби білім беретін, қайта даярлайтын, біліктілікті арттыратын 33 оқу орталығы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, осындай оқу орталықтарының бірі Жамбыл ауданында орналасқан. Былтыр жыл соңында мұнда «бухгалтер» мамандығы бойынша жаңадан курс ашылды. Бұл кәсіп иелері өндірісте де, өз ісін ашқысы келетіндер арасында да сұранысқа ие.

Нәтижесінде бухгалтер мамандығын меңгеріп шыққан 18 курсанттың бесеуі бірден жұмысқа орналасты.

Бұдан басқа «Тұлпар» оқу орталығы ауылдарда ең қажетті мамандық - «тракторшыларды» да әзірлейді. Мұнда теориядан басқа, тәжірибеге де баса назар аударылады. Оқу орны жергілікті шаруашылықтармен келісімге отырған. Кәсіпкерлер қажет уақытта орталықтың курсанттарын техникамен қамтиды. Мамандық алғандардың кейбірі осы шаруашылықтарға жұмысқа орналасты.

«Алысқа бармай өзіміздің елді мекенде оқуға мүмкіндік туып отырғанына ризамыз. Кәсіпті осындағы оқу орталығында қаражат шығармай, уақытымызды шығындамай меңгере аламыз. Барлық жағдай жасалған, тек ынта қойып оқысаң болды», - дейді тракторшы мамандығын меңгеріп шыққан елді мекен тұрғыны Александр Сидоренко.

Жамбыл ауданындағы оқу орталығы 2007 жылы құрылған. Осы уақыт аралығында оқу орны ауылға қажет жүздеген кәсіби маманды әзірледі.

«Түлектер ауданда ғана емес, Қазақстан бойынша жемісті еңбек етіп жатыр. Барлық санаттағы жүргізушілерді, тракторшыларды, шаштараздарды, енді бухгалтерлерді даярлайды. 2019 жылы «Тұлпар» оқу орталығы Қазақстандағы көшбасшы кәсіпорындардың «Топ-7» енді. Ол кәсіпорындардың қаржылық-экономикалық талдауы негізінде анықталды», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы Жамбыл аудандық филиалының директоры Олжас Әбілмәжінов.

Жалпы, СҚО-да осындай 33 оқу орталығы жұмыс істеп жатыр.



Соңғы жаңалықтар