СҚО-да карантин талаптарын бұзғандарға 30 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында карантиндік шектеу шараларын бұзғандарға жыл басынан 464 әкімшілік хаттама толтырылып, 30 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде 23 мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар 8 сәуірге дейін 9,5 мың нысанды қамтып, 1 мың 300-ден астам рейд өткізген. Нәтижесінде 433 нысанда карантин талаптарының сақталмағаны анықталды.

«Рейд барысында жеке тұлғалардың маска тақпағаны, адам көп жиналған іс-шаралардың ұйымдастырылғаны, дезинфекциялық режимнің сақталмағаны анықталды. Кей сауда орындарында сатушылар тұтынушыларына маскасыз қызмет көрсеткен, азық-түлікті орамасыз сатқан. Кей нысандар белгіленген жұмыс уақытын сақтамаған», - дейді СҚО СЭБД бөлім бастығы Данияр Оспанов.

Осындай рейдтер барысында және үйлестіру орталықтарын жедел хабарландыру нәтижесінде 464 әкімшілік хаттама толтырылды. 29 млн 902 мың теңгенің 434 айыппұлы салынды.

«Соның ішінде 2 лауазымды тұлғаға, 4 – заңды тұлғаға, 15 – жеке кәсіпкерге, 413 – жеке тұлғаға айыппұл салынды. 15 материал сотқа жіберілді. Әрине, ең көп құқық бұзушылық Петропавлда тіркелді – 127 жағдай, қалғандары облыс аудандарында анықталған. 15 әкімшілік материал құқық бұзушылықтың маңызының төмендігіне байланысты тоқтатылды», - дейді Данияр Оспанов.

Тыйымға қарамастан той өткізгендер де жазасыз қалмады. Іс-шараны ұйымдастырып, қатысқаны үшін 5 жеке кәсіпкер шамамен 1,5 млн теңге айыппұл төледі. Нысандардың әкімгерлері мен жауапты тұлғаларына 218 мың теңгенің 5 айыппұлы және той иелеріне 700 мың теңгенің 15 айыппұлы салынды.


Соңғы жаңалықтар