СҚО-да иесіз жүрген 3600-ден астам мал айып тұрағына қамалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бағусыз еркін жайылымда жүрген малдың иелері жазаланып жатыр, биыл 900-ден астам адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан өңірде 19 мал ұрлығы тіркелді. Ұрлықтың 91,7 % ашылды.

Көбіне ұрыларды жылқы мен қой қызықтырады екен. Қылмыскерлер жылқыны еркін жайылымнан айдап әкетсе, қойды жазғы шашпадан шығарып алады.

Еркін, бағусыз жүрген мал ұрыларға оңай олжа. Сондықтан тәртіп сақшылары түлікті бос қоя беретіндермен күресті күшейткен.

Жыл басынан ауылшаруашылық жануарларын бағу қағидаларын бұзғаны үшін 1358 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оның 432-сі ескерту алса, қалғанына айыппұл салынды. Облыста малға арналған 230 айып тұрағы бар.

Жыл басынан еркін жайылымнан оған 3600-ден аса мал қамалды.

«Егер жылқыларды даладан айдап әкетіп жатса, қойларды аулада жүрген жерінен ұрлап кетеді. Ұсақ қара малды ауыл тұрғындарды жөнді бекітілмеген шашпаларда қалдырады. Ұрылар ауыл шетіндегі шаруашылықты таңдап, автокөлікті пайдалана отырып, жылдам әрекет етеді. Күз келе жатыр, мал ұрлығы өршитін кез. Сондықтан тұрғындарды шашпаларды мықтап бекітуге, еркін жайылымдағы малдарды қараусыз қалдырмауға және мүмкіндігінше бейнебақылау камераларын, сондай-ақ үйірді бастайтын айырларға GPS-трекерлер тағуға кеңес береміз», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Соңғы жаңалықтар