СҚО-да емдеу мекемелеріне 25 оттегі концентраторы табысталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен провизорлық орталықтарға бүгін 25 оттегі концентраторы және 73 пульсометр таратылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дін өкілдері «Өмірге үміт сыйла!» республикалық акциясын қолға алып, әлеуметтік желі арқылы қатерлі вирусты жұқтырғандарға көмек көрсетуге шақырды. Игі іске солтүстікқазақстандықтар да қолдау көрсетіп, нәтижесінде 26 млн теңге жиналды.

«Үндеуімізді халық, кәсіпкерлер, меценаттар қолдап, өз атынан, ұжым атынан 500 мың, 1 млн теңгеден қаржы салғандар болды. Қомақты сома жиналғаннан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен ақылдасып, қазіргі уақытта ненің аса қажет екенін білдік. Осылайша 15 млн теңгеге Ресейден 36 дана оттегі концентраторына тапсырыс бердік. Бұл құрылғыларға қазір сұраныс өте жоғары. Жеткізуші компания көп мөлшерде тауып бере алмағандықтан барын алдық. Бүгін емдеу мекемелеріне екінші рет көмек беріп отырмыз», - дейді СҚО орталық мешітінің наиб имамы, ҚМДБ «Зекет» қорының СҚО бойынша өкілі Мұхаммадзахир Мирзаев.


Бұл жолы Ресейден 25 дана оттегі концентраторы және 73 пульсометр жеткізілді. Дем алу аппаратының 15-і облыстық көпсалалы ауруханаға беріліп, қалғаны қажетіне қарай аудан ауруханаларына жіберілмек. Пульсометрлер де үлестіріледі.

«Өмірге үміт сыйла» акциясының алғашқы кезеңінде ғана ел бойынша 150 оттегі концентраторы таратылды. Қайырымдылық шарасы мұнымен тоқтамайды. Есепшотқа ақша түсіп жатыр. Дәрігерлермен ақылдаса отырып, қолымыздан келгенше керек-жарақтарын әпереміз. Қиын сәтте жұмыла қолдау білдіргендерге алғысымды айтамын», - дейді Мұхаммадзахир Мирзаев.


Індет басталғалы СҚО-да қауіпті вирустан 1401 адам емделіп шықты. Оның 58-і бүгін ауруханадан шығып, қатарға қосылды. Қазіргі таңда өңірде 480 инфекциялық және 1620 провизорлық орын бар.


Соңғы жаңалықтар