СҚО-да екі күнде карантин талабын бұзудың 60-қа жуық дерегі анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сенбі-жексенбі күндері енгізілген локдаунға қарамастан кей дәмханалар мен демалыс орындары жұмыс істеп келген. Бұл мониторингтік топтардың рейді барысында анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, демалыс күндері мониторингтік топтар жұмысын күшейтті. Карантин талаптарының орындалуын бақылау үшін құрылған оған тәртіп сақшылары, прокуратура өкілдері мен санитариялық дәрігерлер кірген.

СҚО-да карантиндік шектеулердің күшейтілгеніне қарамастан сенбі-жексенбі күні кей дәмханалар мен демалыс орындары жұмыс істеген, көңір көтеру орындарында той-томалақ өткен. Рейд барысында мамандар карантин талаптарын бұзудың 58 дерегін анықтады.

Мәселен Петропавлдағы «Грин парк» көңіл көтеру кешенінде сенбі күні бірден үш кеш ұйымдастырылған. Карантинді бұзған той иелеріне және нысанның әкімгеріне 4 әкімшілік іс қозғалды. Қонақтар таратылды.

Мониторингтік топ «Сосновый бор» және «Березовая роща» демалыс базаларында да дәл осындай той-томалақтың үстінен түсті. Ал Петропавлдағы Шәжімбаев көшесіндегі жалға берілетін үйлердің бірінде үйлену тойы ұйымдастырылған. Семашко көшесіндегі жалға берілетін коттеджде де мамандар отбасылық мерекені анықтады. Сенбі-жексенбі күндері қоғамдық тамақтану орындарының тұтынушыларды қабылдауына тыйым салынғанымен асхана мен екі дәмхана жұмыс істеп тұрған.

«Түсіндіру әңгімелері және әкімшілік ықпал ету іс-шаралары халықтың сана сезіміне әсер етіп, тәртіпті күшейтуге, карантин талаптарының саталуына бағытталған. Біздің қазіргі міндетіміз – қауіпті инфекцияның таралуына жол бермеу. Барлық жиналған әкімшілік материалдар әрі қарай іс-шара қолдану үшін санитариялық қызметке берілді», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Жалпы СҚО-да наурыз айынан бері карантин талаптарын бұзудың 1728 дерегі тіркелді.


Соңғы жаңалықтар