СҚО-да екі күнде 50-ден астам өрт тіркелді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 16-18 қазан күндері 53 өрт оқиғасы тіркелсе, соның 13-інде тұрғын үй мен қора-қопсы жанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 қазан күні сағат 10.02-де «101» қызметіне Қызылжар ауданындағы Кривоозерка елді мекенінде тұрғын үйдің өртенгені туралы хабар түседі.

Өрт сөндірушілердің алғашқы бөлімшесі оқиға орнына 17 минуттың ішінде жетті. Мамандар келген кезде үй отқа оранып үлгерген екен, шатыры құлай бастаған.

«Елді мекен Қызылжар ауданына қарағанымен, өртті сөндіруге Петропавлдан да өрт сөндірушілер жіберіліп, олар бірінші жетті. Ағаштан салынған үйден бір газ баллоны шығарылды. Үйдің аумағы 70 шаршы метр, шатырына, қабырғаларына айтарлықтай зақым келді, дүние-мүлік жанып кетті. Әзірге өрттің неден шыққаны және келген шығын мөлшері белгісіз», - дейді СҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары Николай Белоусов.

СҚО-да 16-18 қазан күндері құтқарушылар 61 шақыртуға шықса, соның 53-і өртке қатысты. Жалпы жыл басынан облыс аумағында 524 өрт тіркелді, 38 адам қаза тауып, 14-і жарақат алды.


Соңғы жаңалықтар