СҚО-да департамент басшысы мас күйінде аялдамада ұйықтап қалған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында әдеп жөніндегі кеңес Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Абай Балабековке қатысты істі қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр қазан айында Абай Балабеков қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Патрульді полицейлер кешкі мезгілде оны автобус аялдамасында ұйықтап жатқан жерінен тапқан.

Балабековтың айтуынша, ол сол күні қонақтан шығып, такси шақырған. Такси ұзақ уақыт келмегендіктен аялдамадағы орындыққа отырған. Осы сәтте полиция қызметкерлері келіп, оны мас болғандықтан сараптамадан өтуге алып кеткен. Сараптама жеңіл алкогольдік масаңдықты көрсетті.

Әкімшілік материалды зерттеу барысында 8 қазан сағат 21:00 шамасында А. Балабековтың Қарасай стадионына қарама-қарсы Жамбыл көшесіндегі аялдамада мас күйінде ұйықтап, қоғамдық тәртіпті бұзғандығы анықталды.

Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін мас күйде болу жағдайларына жол бермеуге, сондай-ақ заңнамада әкімшілік жауаптылық көзделген теріс қылықтар мен өзге де құқық бұзушылықтар жасауға жол бермеуге тиіс.

Бұдан басқа, А. Балабеков 2020 жылы желтоқсан айында көлікті мас күйінде тізгіндегені үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған екен. Осының бәрін ескере келе Әдеп жөніндегі кеңес дауысқа салу арқылы жұмыстан шығару туралы ұсыныс шығарды.


Соңғы жаңалықтар