СҚО-да дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсіргендерді жұмыс тобы анықтайды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсіргендерді анықтау мақсатында жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Амангелді Сатановтың айтуынша, өңірде құрылған жұмыс тобына жергілікті полиция қызметінің өкілдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары, санитариялық дәрігерлер, денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлері кіреді. Олар ең алдымен әлеуметтік желілерге мониторинг жасай отыра дәріханалардағы жағдайды бақылауда ұстамақ.

«Елде эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Дәрі-дәрмектің негізсіз қымбаттауына жол бермеу мақсатында тексерістер жүргізіледі. Тұрғындар вирусқа қарсы препараттарды таба алмай жүр. Кей дәріханаларда парацетамол-аспирин мүлдем болмаса, кейбірі оның бағасын аспандатып жіберген. Мұндай жағдай бүкіл ел бойынша байқалуда», - дейді онлайн брифинг өткізген Амангелді Сатанов.

Оның айтуынша, кей өңірлерде парацетамолдың кәдімгі сауда орталықтарында сатылғандығы анықталған. Мұндайға жол бермеу мақсатында жағдай бақылауға алынбақ.

«Қазір сырқаттанғандар саны артып келеді, отбасыңызда ауырмаса да, таныстарыңыздың, достарыңыздың, туыстарыңыздың ішінде ауырғандар бар. Дәріханаларға барған жағдайда бағаның қымбаттағанын көрсеңіз, не болмаса сатылымда болмаса, басқа сауда орындарында, тіпті olx-те сатылып жатқанын көріп қалсаңыз WhatsApp желісіне хабарлаңыз. Қоғамдық бақылау картасының 87075641424 нөміріне телефон шалыңыз. Қай дәріханада заңбұзушылыққа жол берілгендігін көрсетіңіз, осы нөмірге бейне, аудиожазбаны жібере аласыздар», - дейді жобалық кеңсенің жетекшісі.

Амангелді Сатанов тұрғындарды белсенділік танытуға шақырды.

«Емдеу орындарында медициналық қызметті алуда заңсыздыққа жол беріліп жатса, мәселен стационарларға бірінші кезекте таныс-туыстары жатқызылып жатса да бізге нақты деректерді жолдаңыздар. Біз оларды тиісті мекемелерге жібереміз. Қайталануына жол бермейміз», - дейді Амангелді Сатанов.

Соңғы жаңалықтар