СҚО-да цифрлық ақпаратты сақтайтын заманауи Дата-орталық салынып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда цифрлық ақпаратты сақтайтын заманауи, Дата-орталықтың құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дата-орталық 26 гектар жерде, Петропавлдағы бұрынғы Калинин атындағы зауыттың аумағында орналасады. Кәсіпорынның аумағы 10 жылдан артық игерілмей бос жатты. Қазір ол «PP Solutions» отандық компаниясының иелігінде.

Инвестордың айтуынша, зауыт 26 ғимараттан тұрады. Алайда, соның 17-сі бүгінде апаттық жағдайда. Бүгінде жөндеуге келмейтін ескі нысандар бұзылып, электр тарату желілерін орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Дата-орталық жобасы 4 кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашы екі кезеңде электр қуаты тартылып, қосалқы электр стансасы салынады. Кейін ескі ғимараттарды бұзып, қалғандарын жөнге келтіретін боламыз. Ғимараттардың ішінде цифрлық ақпаратты сақтайтын және өңдейтін көптеген серверлер болады. Жобаның құны шамамен 18 млрд теңге шамасында. Бұған құрылыс жұмыстары да, қондырғыны сатып алуға кететін шығын және қосалқы станса құрылысы да кірген», - дейді «PP Solutions» ЖШС директоры Болатбек Юсупов.

Мамандардың айтуынша, Петропавлда салынып жатқан Дата-орталықтың республикада теңдесі болмайды. Заманауи, қуатты орталыққа болашақта әлемдік IT алыптары Google, Amazon, Facebook-пен әріптестік орнату жоспарда бар.

Дата-орталық тек 2023 жылы ғана толық қуатында пайдалануға берілмекші.


Соңғы жаңалықтар