СҚО-да браконьерлер ерекше қорғалатын аумақта елік аулаған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде браконьерлер елік атып ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданының табиғатты қорғау полицейлері мен қорықшылар кезекті рейд барысында «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында заңсыз аң атты деген күдікпен 5 адамды ұстады.

Полицейлерге Галицыно елдімекенінің тұрғыны хабарласып, орман жақтан мылтық даусын естігенін хабарлаған. Рейдте жүрген мамандар ақпаратты тексермек болады. Галицыно елдімекенің маңында оларға «Лада Гранта» және «ВАЗ 21114» автокөліктері қарсы шыққан.

Бірінші көлікте 29 бен 35 жас аралығындағы 4 жергілікті тұрғын болған. Ал екінші көліктің 26 жастағы жүргізушісі полицейлер тоқтатқан кезде көлікті тастай қашыпты. Алайда ол да алысқа ұзамай ұсталды.

Тексеру барысында «ВАЗ 21114» автокөлігінен үш сібір елігінің еті, 1991 жылы туған ауыл тұрғынының 12 калибрлі «ТОЗ-34» мылтығы және кастетке ұқсас бұйым табылды. Ұсталғандардың айтуынша, тағы екінші мылтық болған. Оны оқиға орнынан қашқан жігіт қолданған екен. Әзірге қару табылған жоқ.

Бұл дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша енгізілді.

«Заңсыз аң аулау дерегі өңірде жүріп жатқан «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында анықталды. Қазір табиғатқа келтірілген шығын мөлшері анықталып жатыр. Жеңіл көліктер арнайы тұраққа қойылып, күдіктілерге қатысты келуге міндеттеу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - дейді Айыртау аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешев.

Бұған дейін СҚО-да артемия салина шаянын заңсыз аулаған браконьер жайында жазған едік.


Соңғы жаңалықтар