СҚО-да браконьерлер 3 аққуды атып алған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында аңды заңды түрде аулауға болатын 37 аңшылық шаруашылығы бар. Алайда, өңірде тыйым салынған жерде аң аулаудың 400-ге жуық дерегі анықталған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс аумағында 2397 көл болса, соның 332-сі жалға берілген. Бұл көлдерде рұқсат құжаттары болған жағдайда ғана балық аулауға болады.

«Балықшылар арасында жиі кездесетін заң бұзушылық – рұқсат құжаттарының болмауы. Ал аңшылар арасында қаруды тасымалдау ережесіне мән бермейтіндер баршылық. Яғни орманға тысқапсыз немесе жиналған күйінде жеткізеді. Орманда демалғанды ұнататындарға биыл аңға шықпас бұрын жаңа ережемен танысуға кеңес беремін. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы басшысының бұйрығында барлығы көрсетілген», - дейді СҚО ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаев.

Бұйрыққа сәйкес Қазақстанның Қызыл кітабына енбеген жануарлар мен құстарды атуға болады. Аңшылық маусымның басталу мерзімімен және ережесімен аймақтық инспекцияның Facebook-парақшасында танысуға болады. Полицейлер тек рұқсат құжат болған жағдайда және аңшылық шаруашылықтардың аумағында ғана аңшылық құруға болатынын ескертеді. СҚО-да 37 аңшылық шаруашылығы бар. Ал 6 қорықта және «Көкшетау» ұлттық паркінің аумағында аң-құс атуға тыйым салынған.

Жалпы жыл басынан тәртіп сақшылары табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 658 дерегін анықтады. Оның 378-і жануарлар, 226 – балық және 9-ы өсімдік әлеміне қатысты.

Экологиялық заңбұзушылыққа қатысты 5 қылмыстық іс сотқа жіберілсе, 8-і бойынша іс өндірісте. Табиғатқа келген жалпы шығын мөлшері 13 млн теңгеден асады. Браконьерлерден 21 сібір елігінің, 2 маралдың, 3 аққудың еті алынды. Қарда жүретін 3 техника мен 8 қару-жарақ тәркіленді.


Соңғы жаңалықтар